Қызылорда облысында балықшылар мінген көлік көлге батып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында балықшылар мінген көлік көлге батып кетті

09.12.2020

Қызылорда облысында балықшылар мінген «Уаз» автокөлігі Қамбаш көліне батып кетіп, 4 адам қаза тапты. Көлікте жеті адам болған. Оның үшеуі судан шығып үлгерген. Қамыстыбас елді мекені аумағында балық аулағандар жағалаудан үш шақырымға дейін алыстап кеткен. Бірақ ұзаққа бармай мұз жарылып, Қамбаштың тұңғиығына батқан. Құтқарушылар тәулік бойы іздестіріп, жеті метр тереңдікте жатқан УАЗ көлігін бүгін таңертең тапты. Сүңгуірлер су түбінен 4 адамның мәйітін шығарды. Қайтыс болғандардың ең жасы 26-да. Жалпы, аймақта жыл басынан бері үлкен айдындарда 9 балықшы суға кетті.

Саид Молдақараев, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Қайтыс болған 4 адамның үшеуі сол Қамыстыбас ауылының адамдары. Біреуі Арал қаласының тұрғыны. Қазіргі таңда күн суық болғанымен, мұздың қалыңдығы әлі автокөлік көтеретіндей қалыңдықта болған жоқ. Соған қарамастан, осындай қайғылы оқиғалар орын алуда.

Жамбыл облысында жыл басынан бері 18 адам суға кеткен. Оның тоғысы бала. Төтенше жағдай қызметі қазір қауіпсіздік шараларын күшейтіп, өзен көлдерге арнайы рейд ұйымдастыруда. Олар әуесқой балықшыларға ескерту жасап, көл үстіне көлікпен шығуға болмайтынын қатаң қадағалауда. 

Нұржан Тілеубердиев, ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері:
Балыққа келер алдында ауа райы туралы мәлімет біліп алу керек, құтқару күртешелері болуы шарт, одан кейін балықшыларға автокөліктермен көлдің үсіне шығуға тыйым салынады.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу