Сарыағаштық малшылар 1 млрд теңге субсидиядан қағылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаштық малшылар 1 млрд теңге субсидиядан қағылмақ

08.12.2020

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының шаруалары төрт түлік малға мемлекеттен берілетін субсидия қаржыны ала алмай сандалып жүр. Өйткені жыл басында жоспарланған ақша кейінгі өзгерістерге байланысты жеткіліксіз болып қалған. Барының өзін негізінен ірі қожалықтар «пышақ үстінде» үлестіріп әкетуде. Ал шалғайдағы малшы ауылдың тұрғындары интернеттің жоқтығынан тіпті электронды базаға да кіріп үлгермеген.  

Мына шаруашылықта малдың қолға қарап қалғанына 20 шақты күн болды. Қар түскендіктен емес, жерде ауызға ілігетін қылтанақ болмағасын. 500-дей саулықтың күйін түсірмеу үшін қолдан шөп беруге мәжбүр.  

Ағабек Әбдіров, шаруа:  
-Қазір базарда 1 престің өзі 1200 теңге болды. Жем 100-110 теңге. Мал жерде ештеңе жоқ, мынандай қырау түсіп тұрған кезде жайылса, жем-шөп бермесе іш тастап жатыр.  

Сарыағаштағы Жылға мен Әлімтау ауылдарындағы шаруалардың биылғы жайы осы. Жем-шөптен тарыққан малшылар қас қылғандай субсидия қаржыдан тағы қағылды. 50-ге тарта шаруашылықтың иелері апта сайын әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр.

Бұл қожалықтарда 39 мыңдай уақ мал бар. Оның әрқайсысына 2 жарым мың теңгеден субсидия қаржы алуы керек. Ал малы асыл тұқымды болса, одан екі еседей көп.

Қажымұқан Қуат, шаруа: 
-3 миллиард аударылу керек екен, кеше 550 миллион лақтырды жарты сағатта таусылып қалды. Қалғанына ақша жоқ дейді. Олай болса бәріне берсін, немесе бәріне бермесін. Бұл масқаралау. 

Жергілікті биліктің айтуынша, бұған басты себеп субсидиялау тәртібінің өзгеруі. Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл ортасында әр малға берілетін қолдау қаржыны екі есеге арттырған. Сөйтіп жыл басында жоспарланған ақша бәріне бірдей жетпей отыр.

Ерлан Жәнібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: 
-Ауыл шаруашлығы министрілігінен субсидиялау тәртібіне өзгеріс енгізіп беруді сұрап отырмыз. Ол енгізілген жағдайда биыл субсидиядан қағылғандарға 2021 жылдың басында төлеп беру. 

Сондай-ақ тығырықтан шығу үшін республикалық бюджеттен субсидия үшін тағы 1 миллиард теңге бөлуді сұрап отыр. Әзірге бұл екі ұсыныстың қайсысы қабылданып, іске асатыны белгісіз.

Ғани Қалмаханов 


Сарыағаш малшы субсидия

Хабарламаларға жазылу