Шаруаларға 6 пайызбен несие беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруаларға 6 пайызбен несие беріледі

16.04.2022

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысында алғаш бастау алған пилоттық жоба қайта жанданбақ. Бүгінде ауыл мен шағын қала тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарлама әзірленіп, 40 миллиард теңге қарастырылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешеніндегі түрлі салаларды дамытуға 310 млрд теңге субсидиядан бөлек, тағы 298 млрд теңге беріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Жамбыл облысындағы сапарында айтты.

Ал, өз бизнесін ашуға ниет білдірген және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің қызметін кеңейту мақсатында, ауылдық елдімекендер мен шағын қалалардың тұрғындарына микрокредит берілмек. Бұл мақсатқа 40 млрд теңге бөлу жоспарланған. Яғни, шаруалар 5-7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен шағын несиеге қол жеткізе алады. Осының нәтижесінде 10 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Қазіргі уақытта субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары жүруде. Жаңа жүйенің ерекшелігі сол, автоматтандырылған жүйе субсидия алушылардың тізімін қалыптастырумен қатар, олардың экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптары бойынша санаттарының сәйкестігін тексереді. Көмек қаржы алушылардың қарсы міндеттемелері тіркеледі, олардың орындалу дәрежесі, субсидия аралық кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдерді күту парағы бағаланады.

Хабарламаларға жазылу