Көкшетаулықтар көпқабатты үйлерде газ баллонын қолданып отыр

03.12.2020

Көкшетауда көпқабатты үйлердегі газ тарату құрылғылары соңғы 20 жылдан бері мүлде істемейді. Сондықтан тұрғындар газ баллондарын пайдалануға мәжбүр. Заң бойынша екі қабаттан биік ғимараттарда баллон пайдалануға тыйым салынған. Алайда, тұрғындардың қауіпсіздігіне бейжай қараған жергілікті билік жылдар бойы мәселені шешуге қауқарсыз болып отыр.     

80 жастағы Антонина Калова айына бір рет осылай газ баллонды толтырып әкеледі. ІІ топтағы мүгедек жанға жүріп-тұрудың өзі оңай емес, бірақ амал жоқ ас-су дайындау үшін газ баллонды тасуға мәжбүр. 

Антонина Калова, қала тұрғыны:
Арасында немерем келіп көмектеседі. Ал көп газ баллонды толтыруға өзім барамын. Жалғыз тұрамын. Осылай жүргенімізге 20 жылдан асты. Жылда жөндейміз дейді, бірақ нәтиже жоқ. 

Газ баллондарын ай сайын сатып алу аз қамтылған отбасылар үшін артық шығын. Әйтсе де ақшасынан бұрын бала-шағаның қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт күні- түні үреймен күн кешуде.    

Темірғали Нұрсейітов, қала тұрғыны:
Сол анау баллонмен әлі жүрміз. Кейбірде газдың иісі шығады. Бір-бірімізге барып айтып отырамыз, ылғи, міне, газдың иісі шығып жатыр, кімдікі екен деп. Бәрі қарап, зерттеп, сөйтеді. Сол дұрыс па екен?! Міне, жұбайым екеуіміз тұрамыз, түнде шығып ылғи тексеріп отырамыз газдың иісі шығады ма, шықпайды ма деп.   
Ермек Елберген, тілші:
«Газ және газбен жабдықтау» туралы заңына сәйкес 2-қабаттан биік ғимараттарда баллонды сақтауға, пайдалануға болмайды. Мынадай газгольдерлер жұмыс істемеген соң, талап орындалмайды. Тұрғындар бұл қадамға баруға мәжбүр. Ал заңның орындалуын қадағалап отырған мекеме жоқ. 

Газ құрылғыларының қауіпсіздігіне жауап беретін құзырлы мекеме- энергетика басқармасындағылар газ баллондарын заңсыз пайдаланып отырған тұрғын үйлердің нақты санын тап басып айта алмайды. Себебі, оның есебін жүргізіп отырған ешкім жоқ. Дегенмен, Көкшетауда баллон қолданып отырған пәтерлер аз емес. Қаладағы 240 газ тарату қондырғысының 99-ы жұмыс істемейді. 

Ербол Төлеуов, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
Далада жатқан, иесіз жатқан құбырлар болатын. Оны біз қалпына келтіріп және де құқықтық анықтайтын құжаттарын бәрін дайындап, Әділет органдарында оны тіркеп, бүгінгі күнде біз бәрін жинап 99-ын жинап мемлекеттік сатып алу рәсіміне шығардық.  

Жергілікті билік қамданғанымен тендердің бірінші кезеңіне ешкім қатыспаған. Екі күннен кейін мемлекеттік сатып алу рәсімі қайта өтеді. Егер мердігідер анықталса ғана қараусыз қалған газ тарату құрылғылары жөнделіп, бүтінделмек. Ал оған дейін тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ. 

Ермек Елберген

газ баллоны Көкшетау

Хабарламаларға жазылу