Алматыда модульді ауруханада ем алып жатқан науқастар жаңа орынға көшірілді

02.12.2020

Алматыда 5 миллиард теңгеге салынған модульді ауруханада ем алып жатқан 116 науқас жаңа инфекциялық аурухананың филиалына ауыстырылды. 280 орындық госпиталь 26 сәуірден 29 қарашаға дейін үздіксіз жұмыс істеген. Сондықтан, ғимаратты дезинфекциялауға жабу үшін басқа филиалға ауыстыру туралы шешім қабылданды, - дейді дәрігерлер.   

Нұрхан Нұрланұлы, тілші: 
-Ауруханадан науқастар мен медициналық қызметкерлер РВ-90 жаңа инфекциялық аурухананың филиалына көшіріліп, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен соған қарамастан бұл әлі де қауіпті аймақ болып саналады. Сонымен қатар, медициналық құрылғылар да осылай жеке бөлмелерге сақталған. Себебі, дезинфекциялық сұйықтықтар құрылғыларға кері әсер етуі мүмкін. 

Жуырда «18 күн ішінде барлық талапқа сай салынған модульдік аурухана алғашқы аязға төтеп бере алмады, күн суығандықтан науқастарды ауыстырып жатыр» деген қауесет тараған еді. Алайда, дәрігерлер оның жалған ақпарат екендігін және ауруханада қалыпты температура сақталғанын айтты.

Тамара Утағанова, – И.Жекенов атындағы «Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКК бас дәрігерінің орынбасары: 
-Науқастардан суық деген шағымдар түскен жоқ. Кейде бізге науқастар жоғарғы қызбамен түскен кезде бастапқы кезде қалтырау, тоңу барысында ондай сезімдер болуы мүмкін. Бірақ жалпы палаталарда 24 градус жылу ұстап тұр. 

Мамандар ауруханадағы барлық медициналық құрал-жабдықтар орнында қалады дейді. Себебі, жаңа филиал медициналық құрылғылармен толық жабдықталған және 500 төсек орын бар. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде 45 төсек-орын бар.

Тамара Отағанова, – И.Жекенов атындағы «Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКК бас дәрігерінің орынбасары: 
-Филиалдың өзінің аппаратурасы бар. Бұл жердегі аппаратураны тасып қайтеміз, егер қажет болатын болса, осы жерде ашылады. Оның барлықтары осы жерде қалады.  

Айта кетейік, Алатау ауданында орналасқан модульдік аурухана биыл сәуір айында ашылған. Жалпы ауданы 5850 шаршы метр болатын модульдік госпиталь коронавирус жұқтырған пациенттердің саны артқан жағдайда ғана іске қосылады. Ал әзірге қаланың денсаулық сақтау жүйесінің резервінде болмақ.

Нұрхан Нұрланұлы


Алматы модульді аурухана науқас

Хабарламаларға жазылу