Елордада 106 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 106 отбасы баспаналы болды

02.12.2020

Тұңғыш Президент күні қарсаңында елордада «Нұрлы жер» бағдарламасымен 106 отбасы үйлі болды. Пәтер кілтін қала әкімі Алтай Көлгінов пен «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымының» басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов табыстады.  

Берілген пәтерлердің ауданы 37-ден 53 шаршы метрге дейін. Жалдау мерзімі - 20 жыл. Жалға алу құны – 1 шаршы метр үшін айына 1455 теңге. Төлем мерзімі аяқталған соң пәтерлер тұрғындардың меншігіне өтеді. 

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
Біз «Қазақстан Ипотекалық компаниясымен» бірге 1000 пәтер дайындаймыз деп келістік. Ол, әрине, қазіргі қиын жағдайға қарамастан алдыңғы қатарда қызмет етіп жүрген ел азаматтарына табысталады. Бәріңізді адал еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне атсалысуға шақырамын.   

Дәл осы 12 қабатты үйден пәтер алғандар тізімінде дәрігерлер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен полиция, төтенше жағдай қызметкерлері және құтқарушылар бар. Олар жылдар бойы кезек күтіп, мереке қарсаңында сатып алу құқығымен жаңа баспанаға ие болды.  

Барлық пәтерлер таза, әрленген әрі қоныстануға дайын күйінде табысталды. Айта кетейік, бұл жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымының келісімімен жүзеге асырылды. 

Ақниет Балтанова

баспана Нұр-Сұлтан

Хабарламаларға жазылу