Қызылордада Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында 100 отбасы баспаналы болды. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен салынған жаңа үй Сырдың сол жағалауынан берілді. Көптің көптен күткен қуанышына облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ортақтасып, тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.
Мектеп мұғалімі Саида Мәжит 2017 жылдан бері тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша салып келген. Бүгін тірнектеп жинаған қаржысына екі бөлмелі пәтер алды. Баспана құнының 20 пайызын төлеген жас ұстаз, мемлекеттік бағдарламаның арқасында осындай қуанышқа кенеліп отыр.
Саида Мәжит, қала тұрғыны:-Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің менеджерлеріне алғыс айтқым келеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы әр қазақ баспаналы болсын. Әсіресе, жастар. Қолжетімді. Айына 55 мыңнан келеді.
Сондай-ақ, бұл күні полицейлер, әскери қызметкерлер мен медицина, білім, мәдениет саласының мамандары да жаңа қонысқа ие болды. Биыл тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана тауқыметін көріп келген 1200 қызылордалық үйге қол жеткізді. Бүгінде Сырдың сол жағалауында құрылыс қарқынды. Жыл соңына дейін банк салымшылары үшін тағы көпқабатты 3 үй пайдалануға берілмек.
Әділжан Сәулебаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры:-2020 жылы сол жағалаудан біз 13 үй беріп жатырмыз. «Нұрлы жер» бағдарламасының 20 пайызын салған. Және де биыл «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы «5-10-20» бағдарламасымен де осы сол жағалауда одан әрі үйлер беріледі.
Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жыл басынан бері 10 тұрғын үй қолданысқа берілді. Яғни, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 600-ге тарта отбасы баспаналы болды.
Әділбек Серікұлы