Кітап пен сирек қолжазбаны цифрландыру сапасы нашар - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кітап пен сирек қолжазбаны цифрландыру сапасы нашар - депутат

26.11.2020
Кітап пен сирек қолжазбаны цифрландыру сапасы нашар - депутат

Cенат депутаты Нұртөре Жүсіп еліміздегі сирек қолжазбалар мен кітаптарды цифрландыру сапасы нашар екенін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

«Қазіргі кезде технологиялық жағынан алға кеткен елдер ғылымға ЖІӨ-нің 2,7-4,3% көлемінде қаржы бөледі. Оның 1% көрсеткіштен төмен болуы мемлекеттің ғылыми-техникалық қауіпсіздігі үшін қауіпті болып есептеледі. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылымға 0,16 пайыз қаржы қарастырылған. Бұл ең төменгі көрсеткіштен 6 есе төмен», - дейді депутат.

Айтуынша, ұлттық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Кітапхана қорында сақталған кітаптар тұтастай толыққанды электронды тізімге енгізілмеген. Іздестіру жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Сенатор көне жазбаларды санитарлық нормаларға сай сақтамаса, түпнұсқаларды келешек ұрпаққа жеткізу қиындай түсетінін де жіткізді.

«Eлордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын алайық. Орталық 2017 жылы ашылғанда Алматыдағы Кітап музейінен, басқа да облыстардағы кітапханалардан негізгі қор жиналған. Бізде шетелдегідей орталықтандырылған қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры жоқ. Еліміздің әр аймағындағы кітапханаларда қолжазбалар мен сирек кітаптары бар. Солардың бәрін бір орталыққа жинап, неге үлкен ортақ қор жасамасқа? 
Орталықтың қолжазбалар мен сирек кітапты сақтайтын жері өте тар. Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Бізде реставрация саласы да дамымаған. Заманауи техникалармен көбірек жабдықтау қажет. Реставраторларды арнайы даярлау ісімен бірге, олардың денсаулығын да ескеру қажет. Себебі қолжазбамен жұмыс істеу, оны реставрациялау денсаулыққа зиянды», - делінген депутаттық сауалда.

Нұртөре Жүсіп сондай-ақ архивтердің жағдайы, кітаптар мен сирек қолжазбаларды цифрландыру ісі көңіл көншітпейтінін айтты.

«Шет елдердегі архив, кітапханалар өздерінің қорларын түгел цифрландырып жатыр. Бізде белгілі бір архивтер ғана өз күштерімен кейбір қорларды цифрландырды. Алайда көпшілігінің цифрландыру сапасы нашар. Цифрландырылған сирек қолжазбалар мен кітаптардың оқылуы қиын. Көшірменің сапасы да нашар, жүктеп алуға келмейді. Сондықтан кітаптардың оқылымын тегін етіп, бірақ жүктеуін ақылы етер болса, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді», - деді ол.
«Бізде советтік кезеңнен қатып қалған көптеген тыйымдар бар. Соның бірі – көшірмелер жасауға тыйым салу. Ал алдыңғы қатарлы дамыған елдер цифрландыруға баяғыда көшіп кетті. Сондықтан елімізде қолжазбалар, сирек кітаптар, басқа да құнды құжаттарды цифрландырып, халықтың қажетіне жарату қажет», - деп толықтырды депутат.
Сенат депутаттық сауал

Хабарламаларға жазылу