Елордада тілі кеш шығатын балалар саны 20%-ға артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тілі кеш шығатын балалар саны 20%-ға артқан

25.11.2020

Елордада балалар тілінің кеш шығуы 20%-ға артқан. Мамандар бұның бірнеше себебін анықтады. Басты кемшілік баланың телефонға телміруі. Бүлдіршіндердің сөйлеу қабілеті бұзылғанын қалай аңғарамыз? Елімізде логопед мамандар жеткілікті ме?  

Еркежан 5 жасар ұлын бір жарым айдан бері логопед маманға қаратып жүр. Үйдің кенжесі болған соң қатты еркелетіп, сақауланып сөйлеуіне өзіміз себеп болдық дейді ана.

Еркежан Дәулетжанқызы, ата-ана:   
-Басында біз расымен ойладық баланың балалығымен, еркелігімен әлі дұрыс сөйлей алмай жатқан шығар деп. Кейін өсе келе бұл енді 1-сыныпқа барудың алғашқы қадамдары ғой, сол себепті логопедке келуді ұйғардық.  

Дыбыс пен әріпті таза айта алмайтын Ерасыл бар-жоғы 1,5 ай ішінде жақсы нәтижеге жетті. Себебі ата-ана үйде баламен тығыз жұмыс жасаған. Негізінде сөйлеу қабілетін ретке келтіру кемі жарты жыл уақыт алады екен.

Майра Мырзағали, логопед:  
-Ерасыл бізге күрделі дислалия деген диагнозбен келді. «Ш, Ж» дыбыстарына байланысты біз массаж жасадық. Енді «Р» дыбысына көштік, қалғанының бәрі орнында.  

Бүлдіршіннің сөйлеу қабілеті бұзылғанын туғаннан-ақ аңғаруға болады.

Ақниет Балтанова, тілші: 
-Бала 3 айға толғанша былдырлай бастауы, 6 айдан бастап сұқ саусағымен керегін көрсете алуы керек. 1 жаста «ана, әке» сынды 2-3 әріптен құралған 10 шақты сөз айтқаны абзал. Ал 2 жастан бастап сөйлем құрап, 20-дан аса сөзді емін-еркін қолданса игі. 3-ке таяғанда өлең мен тақпақ айтуы қажет. Дәл осы белгілер сіздің балаңыздың бойынан табылмаса уақытында маманға жүгініңіз. 

Себебі сөйлеуінде ақауы бар бала қаншалықты ерте қаралса, жақсы нәтижеге жету соншалықты жедел болмақ. Елімізде логопед мамандар көп. Арнайы курс оқып алып, ақылы қызмет көрсетіп жүргендер де жетерлік.  

Венера Нақыпова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№1 ППТК» КММ бөлім меңгерушісі:  
-Білікті мамандар аз. Көбі бұл салада тұрақтамай ауысып кетіп жатады. 

Ананың жүктілік кезіндегі күйзелісі, инфекциялық ауруларға жиі шалдығуы, босану сәтінде баланың жарақат алуы оның сөйлеу қабілетін кешеуілдетеді. Ал бүгінгінің басты проблемасына баланың смартфонға тәуелділігін жатқызамыз. Соның кесірінен сәбидің дамуы кешеуілдеп, ойын анық жеткізе алмайтын, кекештеніп, сақауланып сөйлейтін балалардың саны өсті дейді мамандар.

Нақтырақ айтсақ, елордада өткен жылы сөйлеу қабілеті бұзылған балалар саны мыңнан асса, биыл 2 мыңға жуықтаған. Яғни жыл сайын 400 балаға артып отыр.

Ақниет Балтанова


бала логопед тіл

Хабарламаларға жазылу