Өңірлерде эпидахуал ушығып барады. Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Майқайың кенті және Шарбақты ауданындағы Александровка ауылында карантиндік шаралар күшейтіліп, елді мекендерді айналдыра блок-бекеттер қойылды. Ал, Қостанай облысында екі бірдей балабақша карантинге жабылды.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы карантинге жабылды. Себебі, екі бірдей қызметкер вирус жұқтырған. Олармен қатынаста болған өзге мамандардан ПТР сынама алынып, күзетші мен еден жуушыларға дейін түгел үйлеріне оқшауландырылды. Ал, Қостанай облысының Сарыкөл ауданында балабақша карантинге жабылды. Індет бес жасар баладан және жеті қызметкерден анықталды. Олар тәрбиеші, аспаз және медицина мамандары. Ауру жұқтырғандар қазір үйлерінде ем қабылдап жатыр. Бұдан өзге Бейімбет Майлин ауданындағы «Айгөлек» бөбекжайының техникалық қызметкері вирус жұқтырып, балабақша екі аптаға жабылды. Балалардан ауру анықталмады.
Ақмола облысында инфекцияны жұқтырғандар көбейіп жатыр. Бір тәулікте коронавирус 69 адамнан анықталды. Өткен аптамен салыстырғанда дертке шалдыққандар 1 жарым есе көп. Егер вирусты жұқтырғандар саны көбейе берсе, санитарлық бекеттерде тәртіп күшейтілмек.
Ал, Шығыс Қазақстанда карантин шаралары 8 желтоқсанға дейін ұзартылды. Өйткені, мұнда да індеті әлі өршіп тұр. Тек соңғы тәулікте облыс бойынша 160 науқас тіркелді. Облыс бойынша қауіпті вирусты жұқтырғандардың жалпы саны 15 мыңнан асып кетті.
Болат Аманбаев