Қарағандылық дәрігерлер үшін бір данасы 68 мың теңге тұратын 200 маска сатып алынды

24.11.2020

Қарағанды облысында жансақтау бөлімінің дәрігерлері үшін біреуі 68 000 теңге тұратын 200 маска сатып алынды. Оларды мемлекеттік сатып алу бойынша өңірлік Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы медициналық жабдықтаумен айналысатын компания жеткізген. Тауардың жалпы құны 13 миллион теңгеден асады. Мұндай қорғаныш бетперделері Польшада шығарылады. Адамның бетін толығымен тұмшалайтын резеңке маскалар індеттің алғашқы толқыны басталмай жатып алынған. Барлығы да бір тауар жеткізушіден. Ерекше бетперделердің техникалық сипаттамасында олардың ауаны сүзгіштігі жоғары және зиянды бактериялар мен инфекциядан жақсы қорғайды деп көрсетілген. Масканың екі сүзгісі бар. Жарамдылық мерзімі біткен кезде жаңасына ауыстырылады. 

Ержан Нұрлыбаев, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Біздің жансақтау бөліміндегі дәрігерлер инфекциялық аурухананың қауіпті аумағында жұмыс істейді. Олардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі үшін осындай ерекше маскаларды пайдалануды жөн көрдік. Ол ведомостваралық комиссияның мақұлдауымен коронавирусқа қарсы пайдаланылатын қажетті медициналық заттар тізіміне енген. Індеттің алғашқы толқыны кезінде мемлекеттік сатып алу бойынша осы бағаға алынды.

Руслан Нұрланұлы

маска қарағанды

Хабарламаларға жазылу