Қызылорда облысында перзентханалар індеттің 2-ші толқынына дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында перзентханалар індеттің 2-ші толқынына дайын

20.11.2020

Қызылорда облысында эпидахуал ушыққан кезеңде індет жұқтырған 50-ден аса ана аман-есен сәбиін дүниеге әкелді. Бүгінде қайта дендей бастаған қауіпті кеселдің алдын алу бағытында перзентханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.  

Індет жаппай тараған тұста облыста кесел жұқтырған 54 жүкті әйел перзентханада оқшауландырылып, нәрестелі болды. Соның ішінде үш сәбиден вирус анықталған еді. Антына адал абзал жандардың арқасында, қазір бәрі дін аман өз отбасыларының ортасында.  

Сәуле Медетбаева, жас ана:  
-Карантин кезінде ауыр жағдайда пневмония болып, ана мен бала орталығына түскен болатынмын. Нәрестем де ауыр жағдайда нәрестелер бөлімінде болды. Дәрігерлердің қажырлы еңбегінің арқасында нәрестеммен бірге аман-есен үйге шықтым. Дәрігерлерге мың алғыс айтамын.  

Аймақтағы перзентханаларда карантиндік талаптар әлі де қатаң сақталған. Аймақта жаңа туған сәбилердің 60 пайызы ана мен бала орталығында дүниеге келеді. Бүгінде медициналық мекеме коронавирус індетінің алдын алып, барлық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек қорын қамдап қойған.

Сәуле Жақанова, Ана мен бала орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
-Алдағы уақытта да қауіп әлі сейілген жоқ. Орталық бойынша 15 ИВЛ аппараты, 16 оттегі концентраторы бар. 90 оттегі баллоны бар. Олардың бәрі жұмыс жағдайында. 

Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша 17 мыңнан аса бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші едәуір ұлғайған. Жыл соңына дейін демографиялық өсімнен рекорд жаңарғалы тұр дейді дәрігерлер.

Әділбек Серікұлы


Қызылорда облысы перзентхана 2-ші толқын

Хабарламаларға жазылу