«Ауыл» ХДП партиясы сайлауға үміткерлер тізімін бекітті

18.11.2020

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Парламент Мәжілісі сайлауына 19 үміткер ұсынатын болды. Кандидаттардың тізімі саяси құрылымның кезектен тыс XVIII съезінде бекітілді. Алқалы жиында қоғамдағы түйткілді мәселелер мен агросаланы дамытудың негізгі бағыттары қамтылған партияның сайлауалды бағдарламасы жарияланды. 

Бұған дейін өңірлерде партия конференциялары өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 654 кандидат ұсынылды. Бүгінгі съезде партияның сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Бұл ретте саяси ұйым кешенді жұмыстар ұйымдастырды. Тұрғындар арасында «Ел аманаты» атты жалпыұлттық сауалнама жүргізілген. 

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясының төрағасы: 
-Оған 212 мыңнан астам респондент қатысты. Сонда түскен барлық сұрақтар мен сауалдар сарапталды. Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де біз ол мәселелердің шешілуін, орындалуын бақылауымызда ұстаймыз.  

Жиында қоғамды мазалаған бірқатар мәселе де сөз болды. Қаламгер Дәурен Қуат алдағы саяси науқанда партиялар емес, қазақ тілі жеңіске жетуі тиіс есептейді. Мәселен, көптеген ресми жиындар әлі күнге дейін ана тілімізде өткізілмейтіні өкінішті.

Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы: 
-Бізден басқа елде әлемде мемлекеттік тіл немесе тіл туралы мәселе жоқ. 175 елде ресми тіл мойындалады екен. Ресми тіл деп жергілікті тілді айтады. 

Бүгінгі таңда шетелден тарихи Отанына оралған қандастарымыздың да мәселесі жетіп артылады. Бұдан партия белсенділері шет қалмақ емес. Әсіресе, азаматтық немесе ықтияр хат алу жұмыстарын оңтайландыру қажет.

Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы:  
-Қазақстанға көшіп келгеннен кейін, өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін құжат алдыру деген сорақы дүние бар. Бұл Ауғанстан қазақтарының, Түркия қазақтарының үлкен бір проблемасына айналған.  

Елім деп оралған қандастарымызды баспанамен қамту жұмыстары қолға алынғанмен, нәтижесі көңіл қуантпайды. Шығыс пен Солтүстіктегі және Көкшетаудағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Бұл – жемқорлықтың жемісі, - дейді қаламгер. Сондықтан жұмыла жүк көтеріп, олқылықтардың орнын толтыру маңызды. Бұл ретте тағы да «Ауыл» партиясы белсенділік танытуы тиіс.

Дарын Сағитов 


Ауыл партия сайлау

Хабарламаларға жазылу