Маңғыстаудағы құс фермасы 50 мың теңге қарызы үшін қыруар шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы құс фермасы 50 мың теңге қарызы үшін қыруар шығынға батты

18.11.2020

Маңғыстауда «Тұман-шах» құс фермасы 50 мың теңге қарызы үшін электр қуатынан ажыратылып, 2,5 млн теңге шығынға батты. Жылу өшкендіктен, инкубатордағы жұмыртқалар бүлініп, балапандар түгел қырылған. Кәсіпкер жарықты ескертпей өшірген компаниядан шығынды өтеуді талап етіп отыр. Делдал мекеменің де өз уәжі бар.  

Мұнайлы ауданындағы құс фермасының жылдар бойғы еңбегі бір-ақ күнде құрдымға кете жаздады. Айына 100 тонна тауық етін өндіріп, Ақтаудағы ірі сауда орталықтарына өткізіп отырған кәсіпорын тапсырысты орындай алмай қалды. Ондағы 13 адам да жұмысынан айырылуы ғажап емес. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Шаруашылықта жарық небәрі 2 сағатқа өшкен. Соның өзінде жаңадан шығып жатқан 1 мыңнан астам балапан қырылып, сонша жұмыртқа шығын болды. Бұған қоса, 2-цехтағы 20 мыңға жуық балапан тоқтың жоқтығынан жылусыз қалып, тоңып қалған. 

«Енді балапандар қырылып қалса, кемінде 50 млн теңгенің өнімі шығын болып, шаруашылық жабылады», - дейді кәсіпорын басшысы. Электр энергиясына қарыз екенін де жасырмайды. Алайда өткен жылдан қалған 50 мың теңге үшін кәсіпорынның жұмысын тоқтату үлкен қастандық деп отыр. 

Қуандық Бұрбасов, кәсіпкер:
Қазанның соңына дейін уақытылы төледім. Олар делдал мекеме болғасын мынадай өндірістің жайын, элект қуатын өшіру біздің бизнеске тосқауыл екенін білмейді. 1-2 сағатқа өшкеннің өзінде, цехта тұрған балапандар кеше тоңып қалған. Енді оның шығынын кім өтейді?

Электр энергиясымен қамтамасыз ететін мекеменің өкілдері болса, кәсіпкерге қарызы туралы бірнеше рет ескерту берілгенін алға тартады. Алайда оның тарапынан берешегін өтейтіні жөнінде кепілхат келмеген. 

Гүлжан Әлімбаева, «АльянсЭнергоСнаб» ЖШС басшысы:
Бүгінгі таңда 121 793 теңге қарыз. Сол үшін светтен айырғанбыз. Онымыз рас. Ал шығынға батып отырған ол мекеме өз шығынын өзі өтеуі керек шығар деп ойлаймын. 

Кәсіпкер құзырлы органдарға шығымданды. Ал делдал компанияны сотқа беруге бел буып отыр. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу