Қазақстанда 100 мыңға жуық баланың көзі қыли

03.12.2020

Елімізде балалар арасында көз ауруы белең алып барады. Әсіресе страбизмге шалдыққан жеткіншектер көп. Яғни, 100 мыңға жуық баланың көзі қыли. Алайда арнайы балабақшаға бүлдіршіндер кезегі 10 пайызға кеміген. Көру қабілеті бұзылған балалардың ата-аналары не себепті мамандардың көмегіне жүгінуден бас тартып отыр?

Әлемде әрбір 50-ші жеткіншектің көзі қыли. Ал елімізде эпидахуал салдарынан ата-аналар балаларын арнайы орталықтарға қаратпай отыр. Елорданың өзінде кезекте тұрғандар 10 пайызға кеміген. Дәрігерлер қандай жағдай болмасын дер кезінде маманға жүгінген жөн дейді. Алдын алмаса, бүлдіршіндер өсе келе соқырлыққа душар болуы мүмкін.  

Әйгерім Тулетова, дәрігер-офтальмолог:
Қылилық себебі белгісіз. Қылилық бала туғаннан кейін 4 айдан немесе 6 айдан кейін пайда болуы мүмкін. 

Мамандардың айтуынша, озық медициналық техниканың көмегімен көз ауруын дер кезінде анықтауға болады. Бүгінде әр өңірде арнайы балабақшалар да жоқ емес.

Мадина Жолдас, тілші:
Елордада көру қабілеті бұзылған балаларға арналған бір ғана балабақша бар. Бұл мекемеде арнайы мамандар бар. Техникалармен қамтылған. Бүлдіршіндер білім алып қана қоймай, тиісті ем-домын да қабылдайды.

Балабақша тәрбиеленушілері Бекнұр мен Алинаға туа бітті гиперметропия диагнозы қойылған. Шамамен 2 жыл бұрын екеуінің де көру қабілеті нашар болыпты. Қазір ата-ана мен білікті мамандардың тығыз жұмысының арқасында көз жанары қалыпқа келе бастаған. 

Мөлдір Парымбекқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Басында келгенде 3 күн оң көз, 3 күн сол көз, оклюдор тағатынбыз. Кейін тақпай кеттік. 

Мекемеде офтольмолог, артоптист-медбике және педиатр бар. Олар 140 бүлдіршінге түрлі медициналық қондырғылардың көмегімен ем жүргізіп жатыр. 

Гүлнар Нұрмағамбетқызы, №23 балабақша меңгерушісі:
Басқа балабақшадан айырмашылығымыз - біздің балабақша балалардың көзін емдеп, түзеп, қалпына келтіреді. Әлеуметтік өмірге бейімдейміз. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша дәл осындай тағы бір арнайы орталық салынып жатыр. Мақсат – балалардың көз жанарын ерте жастан емдеу. Сонда ғана нәтижеге жету жылдам болмақ. Тек уақытылы қаралып, дұрыс ем қабылдау әрі ата-анамен тығыз байланыс жасау маңызды.

Мадина Жолдас

көз ауруы

Хабарламаларға жазылу