«Самұрық-Қазынаны» инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасы мақұлданды

13.11.2020

Бүгін елордада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен қорды басқару кеңесінің отырысы өтті. Жиында еліміздің ең ірі компанияларының басын құраған ірі ұйымды қайта құру мәселесі талқыланды.  

Ковид-19 әлем елдерін күрделі жағдайға тап қылды. Сан салада қиындық сезіліп, кейбір елдер абдырып та қалды. Енді алып экономикалар арасындағы бәсеке тіпті қыза түсті. Бұл жағдайда Қазақстан үшін үлкен қыспақ пен сынақ болары сөзсіз. Осы орайда еліміздің ең ірі компанияларының басын біріктірген қордың жұмысын тиімді ете түсу аса қажет. Дегенмен аумалы-төкпелі шақты мүмкіндіктер уақыты деп те қабылдауға болады. Себебі дәл қазір қажетті реформалар мен жаңа экономикалық модель жасауға үлкен мүмкіндік бар. Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазынаны» қайта құру кезінде тиімсіз инвестициялардан бас тартып, орнына табысты салаларды дамытуға басымдық беру керектігін айтты. 

Қор төрағасы «Самұрық-Қазынаның» атқарып жатқан жұмыстары жайында Елбасыға кең көлемде есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев қорды дамыту стратегиясы өз жемісін беріп отырғанына тоқталды.

Елбасы қордағы өзгерістер әлемдік тәжірибеге сай екенін айтты. Жиын соңында кеңес мүшелері «Самұрық-Қазынаны» инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасын мақұлдады. Сондай-ақ қорға пандемия уақытында отандық бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берілді.  

Шерхан Жамбылұлы                                                           


Самұрық-Қазына инвестициялық холдинг тұжырымдама

Хабарламаларға жазылу