Ақмола облысында ірілі-ұсақты 14 кәсіпорын жұмысшыларға жалақы қарыз. Олардың еңбеккерлерге берешегі 167 миллион теңгеге жеткен. Бұл еңбек инспекциясына ресми жүгінгендер ғана. Айлығын дер кезінде ала алмай жүргендер одан да көп болуы мүмкін. Себебі еңбек шартынсыз істейтіндер қазір көп дейді мамандар.
Жаз бойы Көкшетаудың көшелерін абаттандыруға атсалысқан бірнеше адам жалақысын әлі ала алмай жүр. Тапсырыс беруші атқарылған істің көлемі бойынша ақша төлеуге уәде берген. Бірақ бәрі ауызша. Құжат жүзінде жұмыс істегендерін дәлелдей алмаған жұмыскерлерге жауапты мекемелерге жүгінуден басқа амал жоқ.
Нина Бехтольд, қала тұрғыны:-Біз жұмысымызды адал атқардық. Техникалық бақылау қабылдап отырды. Еңбек шарты бойынша жұмыс істесек, айлығымыз 60 мың теңге ғана болады делінді. Сондықтан атқарылған істің көліміне қарай ақша алуды жөн көрдік. Жеке кәсіпкер бізге 1 жарым миллион теңге қарыз.
Ал Атбасар ауданы Сергеевка ауылының 7 тұрғыны жазда жергілікті мектептің шатырын жөндеген. Жұмысты аяқтағанымен, қолдарына ақша тимеген. Кәсіпкер әне-міне, деп уақыт созып, жүріп алған.
Мейрам Райымбеков, Сергеевка ауылының тұрғыны:-Ол айтқан сендер бітіресіңдер сол күнде келемін сендерге ақшаларыңды бірден беремін. Енді өзінің көріп тұрсыз, міне күз болды, қыстың амалы келе жатыр. Үйге көмір, отын керек. Мал ұстаймыз. Оның бәрі ақша ғой.
Іс сотта қаралып, жұмыс беруші 90 мың теңге төлеуге міндеттеліпті.Алайда, бұл уәде етілген еңбекақының жартысы ғана. Ресми дерек бойынша өңірде 231 адам жалақыларын ала алмай жүр. Барлығы 14 серіктестіктің жұмысшыларға қарызы 167 миллион теңгеге жеткен.
Гүлден Сауытова, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы:-Жеке сот орындаушылар өндірісінде 13 кәсіпорында 210 қызметкер алдында 159,2 миллион теңге сомасында жалақы берешегі бойынша 210 атқарушылық құжаттар бар. Бұл жалақы берешелігін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушының мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес олар өтелінеді.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі ірілі-ұсақты кәсіпорындардың дені қаржылық қиындыққа ұшырағаннан жұмыскерлерге берешек болып отыр. Сондай-ақ, маңдай терімен тапқан ақшасын ала алмай жүргендердің көбі еңбек шартынсыз жұмысқа кіргендер. Мұндайда қарызды өндіріп алу әлдеқайда қиын.
Ермек Елберген