Оқу жылы басталғалы жеке репетиторларға сұраныс артқан

05.11.2020

Яғни қашықтан оқудың салдарынан балалар мектеп бағдарламасын толық меңгере алмай жүрген сыңайлы. Ата-аналар неліктен қосымша сабаққа жүгінуге мәжбүр?  

Райхан Балабиева бастауыш сыныпта оқитын 2 баласын математика мен ағылшын тілінен қосымша сабаққа беріпті. Себебі қашықтан білім алу кезінде оқушылардың оқу үлгерімі төмендеген.

Райхан Балабиева, ата-ана: 
-Онлайн оқу әрине қиындау болды. Өйткені балалар тек мұғаліммен ғана арақатынаста болды. Бізге де өте қиын. Түсінбей қалған есептерін курстағы апайы түсіндіріп береді. Сонда 2 балама айына 60-70 мыңдай қаражат кетеді.  

Елордадағы мына қосымша білім беру орталығына қыркүйектен бері 100-ден аса 1-сынып оқушысы келген. Ата-аналардың дені «балам мұғалімнің алдында отырса, тақтаға шықса, мектептің аурасын сезінсе» дейді. Ал ең бастысы сапалы білім алса деген тілек.

Мағаз Қалиасқар, Қосымша білім беру орталығының атқарушы директоры: 
-Қазір былтырғымен салыстырғанда 30-40 пайызға артық келіп жатыр деп айта аламын. Балалар көбейді. Қашықтан оқытқаннан кейін оның да минус жерлері бар. Сондықтанда ата-аналар осы оффлайн келіп оқығанды қалап отырған болуы мүмкін.  

Әсия Дәулетхан да 6-сыныптағы қызын осы орталықта оқытады. Қаражаты қалтаны қаққанымен нәтижесі көңіл көншітерлік дейді ол.  

Әсия Дәулетхан, ата-ана:   
-Біз осы жерде оффлайн оқимыз деп қатты күттік, басталғанда қуандық, әсіресе балалар. Барып мұғаліммен оқығанға жетпейді ғой. Кешенді дайындаламыз. Оның ішінде бірінші математика, аптасына 4 рет. Одан кейін логикасы бар. Сосын қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі. Шамамен айына 100 мыңдай кетеді.  

Сарапшылар жеке репетиторға сұраныстың артуын қашықтан оқу кезіндегі орта білімнің төмендігімен байланыстырады. Ал салаға жауапты шенділер мұны биыл мектепке барған балалардың 3 есеге артқанымен түсіндірді. 

Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы: 
-Биыл 1-сыныпта бізде 100 мыңнан астам оқушы шықса, бірінші сыныпқа 300 мыңнан аса оқушы келіп жатыр.  

Министрлік өкілі елдегі ахуалды ескере отырып, балалардың денсаулығын басты назарда ұстау керектігін жеткізді. Ал қашықтан оқу тек уақытша дейді. Білім кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, мүмкіндігі бар ата-ана баланың болашағы үшін қосымша сабақ алуды жалғастыра бермек.  

Ақниет Балтанова


жеке репетитор білім

Хабарламаларға жазылу