Ақтөбеде 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысына салынған мектеп қаңырап бос тұр

05.11.2020

Ақтөбеде 300 орынға шақталған мектеп екі жылдан бері бос тұр. 1 миллиард теңгеге жуық бюджет қаржысына салынған мекеме заңды түрде жыл бойы қызмет көрсететін «Әсем» сауықтыру лагерінің оқу ғимараты деп аталады. Алайда осы уақытқа дейін ол жерде бірдебір сабақ өтпеген. Лагерь басшылығы жұмыстың тоқтап тұруына облыстың білім басшылығын кінәлайды. Ал әкімдікке қарасты мекеменің өз жауабы бар. 

Ғимарат құжат бойынша облыстық «Дарын» орталығының балансында. Ал орналасқан жері кәсіпкер Рабиға Тасыбаеваның иелігінде. Оның айтуынша, балалар демалысын ұйымдастыруға арналған байқауға өзі басқаратын «Білім-Ақтөбе» серіктестігі ғана қатысқан. Ал одан кейін байқаудың келесі кезеңдері өтпей қалған. Кәсіпкер оқу ғимаратына жапсарлас жаңа нысандарды өз қаржысына салған. Алайда облыстық білім басқармасы өз міндеттемесін толық орындамай отыр дейді. 

Рабиға Тасыбаева, кәсіпкер:
Олар жыл бойы жұмыс істейтін лагерь болады деп бюджетке тапсырыс берді. 166 миллион теңге бөлінді. А, ол қаржының қайда жұмсалғанын мен білмеймін. Мен сенімгерлік басқарушы ретінде өз міндеттемемді толық орындап отырмын.

Облыстық қаржы басқармасы болса, сенімгерлікке алынған мекемені жыл сайын тексеретінін алға тартады. 

Әлібек Айдарбеков, облыстық Қаржы басқармасы басшысының орынбасары:
Жасалынған келісімшартты бойынша сенімгерлік басқарушы бізге желтоқсанның онына дейін есеп береді. Нысанның толық және мақсатты қолданылуы бойынша. Сол есебі бойынша комиссияға ұсыныс дайындаймыз.

Облыстық Білім басқармасының басшысы кәсіпкермен келіспейді. Өйткені балалар демалысын ұйымдастыруға жарияланған байқауды заңды түрде мүлдем басқа кәсіпкерлер жеңіп алған. Ал ғимаратты басқаруына алған кәсіпкер оны қалай қолданса да өз еркі. 

Ләззат Оразбаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:
Біз ұйымдастырған кезде ондай талап қоймадық. Бұл бойынша біз бірнеше рет жауап бердік. Облыстық Білім басқармасын осы арызға байланысты бірнеше рет тексеру жүргізді. 

Алайда кәсіпкер «судан таза, сүттен ақ» екенін айтудан жалыққан емес. Ол әкімдіктің ғимаратты орта мектеп ретінде қолдану ұсынысынан да бас тартқан. 

Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір арнайы мониторингтік топ осы жағдайға байланысты білім саласына жауапты мекемелерді тексеріп жатыр. Ал олардың бас ауруына айналған ғимараттың әлі қанша уақыт бос тұратыны белгісіз. 

Жақсыбек Кемал

ақтөбе мектеп бюджет қаражаты

Хабарламаларға жазылу