Алтын қазушылар кесірінен Жамбыл тауының бөктері шұрық тесікке айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтын қазушылар кесірінен Жамбыл тауының бөктері шұрық тесікке айналған

04.11.2020

Жамбыл облысында оңай олжаны көздеп, қалтарыста кен қазатындар көбейіп барады. Табиғат қойнауын аяусыз тонағандардың кесірінен Жамбыл тауының бөктері шұрық тесікке айналған. Бағалы кен іздегендер керегін алып, қазған жерлерін ашық күйде тастап кетіп жатыр. Елімізде алтынды заң жүзінде қазуға рұқсат берілгенмен арнайы лицензиямен жұмыс істейтіндер кемде-кем.     

Өз күшімен алтын қазғандар Мойынқұм ауданындағы Ақбақаймен шектесетін Жамбыл тауынан ұсталды. Жүздерін бетпердемен тұмшалаған жігіттер түсіру тобын күтпесе керек. Алғашқыда бейнекамерадан тығылып, қашқақтағанымен әңгімелесе келе сұхбат беруге келісті. Бірақ, аты-жөндерін айтудан бірден бас тартты.

Жамбыл тауының қойны-қонышы алтынға бай. Алтын қоры әр жерде шашырап жатқандықтан үлкен компаниялар мұнда келмейді. Алайда мемлекет кенді жерлер осылай бүлінбес үшін арнайы заң қабылдаған. Бірақ жер қазғандардың көпшілігі заңнан бейхабармыз дейді.

2018 жылдан бері алтынды заңды түрде қазуға рұқсат етілген. Алайда, ол үшін әкімдіктен лицензия алу керек. Бірақ, оған бас қатырып жатқан тұрғын жоқ.

Сәбит Әлдебай, тілші: 
-Өз бетінше алтын қазушылар жұмыстарына осындай түнгі уақыттарда кіріседі. Арнайы құрылғылардың көмегімен іштегі кенді сыртқа шығарып, қоспа қосып алтынды бөліп алады. Байқасаңыздар мына орлар бір мезетте опырылып кету мүмкін. Сондықтан бастарын бәйгеге тігіп, осындай бөренелерді тіреп қойып жұмыс істеуге мәжбүр.  

Бағалы кен үшін тәуекелге баратындар 10-15 күнде шамамен 80-90 мың теңгеден табамыз дейді. Бірақ, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Жергілікті полиция ай сайын рейдтік шаралар жүргізгенімен бұл кен іздеушілерді тоқтатар емес.

Темірлан Әбдіраманов, Мойынқұм аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы: 
-Себебі экологияның құралдары анықтау тек қана жазық, кең көлемде алынған жерді ғана көрсетеді. Ал, адамның қолмен қазған кішкентай жолғып қазғандарын өлшей алмайды екен. Сол себептен қылмыстық істің құрамы болмауына байланысты әкімшілік іспен жауапқа тартып, құжаттарды жинап экология департаментіне жолдаған болатынбыз.  

Талап бойынша экологияға зиян келмеуі тиіс. Ол үшін кепілге 1 миллион теңге қаржы салу шарт. Бұл қаражат шұңқырларды көмбей кеткен жағдайда қайта жабуға жұмсалады. Ал көміп, орын тегістеп кетсе кепіл ақша алтын қазушының қалтасында қалады.

Сәбит Әлдебай


Алтын қазушылар Жамбыл облысы Жамбыл тауы

Хабарламаларға жазылу