Түркістандағы тойханаларға карантин тосқауыл болмай тұр. Қаладағы салтанат сарайларына миллиондап айыппұл салынса да, айылын жияр емес. Мәселен, бір мейрамхананың иесі он мәрте жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, той өткізуді тоқтатпаған.
Түркістандағы «Ерке» тойханасы кіреберістегі есігін тарс жауып, қонақтарды жасырын қабылдауда. Аяқ астынан келген мобильді топты көріп, асханадағы қызметкерлер абдырап қалды. Оған себеп те жоқ емес. Екінші қабатта екі жүз адамға той өтіп жатыр. Мәселені шешпек болып мейрамхана әкімшісі тексерушілерді сөзге тартып, үгіттеп әлек. Айтқанына көнбеген соң, ашуға басты. Дәл осы салтанат сарайына он рет әкімшілік жаза келісіліп, миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Гүлнар Әбішева, Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:- Кәсіпкердің өзіне екі рет, әкімшілік қызметкерлеріне бес реттен және той жасаған жеке тұлғаларға сегіз реттен айыппұл салынғанына қарамастан осындай бірнеше рет той өткізгені анықталып отыр. Кәсіпкерлердің өзі бірнеше рет айыппұл алғанына қарамастан әлі де осы кемшілік жалғасуда.
Мобильді топ қыз ұзатып жатқандардың да үстінен түсті. Бұл тойхана жеті мәрте айыппұл арқалағанына қарамастан, сегізінші рет те сескенбей-ақ той жасаған.
Рейд барысында анықталған барлық той тарқатылды. Карантин тәртібін бұзғандардың ісі сотқа жолданады.
Айнұр Ақбаева, тілші:- Түркістанның өзінде күніне оншақты мейрамханада жасырын той өтеді. Ал, шілде айынан бері өңірде 400-ден аса жиын-той анықталған. Санитар мамандар бұлай жалғаса берсе, тойханаларды уақытша болсын жабуға бекініп отыр.
Айнұр Ақбаева