Сыр өңірінде карантин басталғалы 450 жиын-той әшкере болып, иелері әкімшілік жауапқа тартылды. Алайда, қанша айыппұл салынса да, тойға тосқауыл болмай тұр.
Кезекті рейд барысында мобильді топ қаладағы жеке тұрғын үйлердің бірінде өткелі жатқан тойды тоқтатты. Есік алдын безендіріп, музыканы бар дауысына қойып, келін түсіруге дайын отырған үй иелері тексерушілердің келгенін байқамай қалған. Оларға карантин талаптары түсіндіріліп, той тарқатылды.
Павлодарда дүркіретіп туған күн тойлаған жастар ұсталды. Олар уақытша жалға алған коттеджде думан құрған. Түн ортасында отырыс қыза түсіп, қатты айғайға басып, би билеп, көрші-қолаңға ұйқы бермеген. Ескертуге құлақ аспаған соң, сол маңдағы тұрғындардың бірі полиция шақырған. Артынша, есі кеткенше думандатқан жастар арнайы мобильді топтың құрығына ілінді. Заң аясында жалға берген үй иесі мен туған күнде болғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әділбек Серікұлы