Мемлекет басшысы Солтүстік экономикалық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Солтүстік экономикалық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі

30.10.2020

Пандемияға тап болған кезеңде әлем елдері үшін саяси жігер мен экономикалық ықпалдастық аса маңызды. Солтүстік экономикалық ынтымақтастық халықаралық форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. COVID-19 пен жаһандық экономика тақырыбына арналған жиын бүгін Сеулде басталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның байланысы мығым және тұрақты Еуразия құру идеясын құптайтынын білдірді. Қос ел арасындағы іскерлік байланысқа біздің елде тұрып жатқан жүз мың корей қауымдастығының «алтын көпір» ретінде қосқан үлесін де атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің ортақ жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасындағы 10-орынға ие. Бұл ретте, өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар.

Президент осы орайда кореялық инвесторларды Қазақстанға шақырды. Олардың кәсіп жасауына ерекше жағдай жасалатынын да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ұзаққа созылған мұнай дәуірінің аяқталып қалғанын да еске салды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осыған байланысты мен Жаңа экономикалық бағыттың бастамашысы болдым. Бұл бағыт құрылымдық реформалармен ғана емес, сондай-ақ барынша қарқынды әрі мықты мемлекет құрумен байланысты. Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл ретте, салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады.

Шерхан Жамбылұлы

Президент форум Қазақстан-Оңтүстік Корея

Хабарламаларға жазылу