Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауыты салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауыты салынып жатыр

29.10.2020

Маңғыстаудағы Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауыты салынып жатыр. Жоба іске қосылғанда компания мұнай шығару үшін өңделген жер асты суын пайдаланады. Ал, қазір қолданып отырған Еділ өзенінен келетін су өңір тұрғындарына берілмек. Бұл аймақтағы ауыз су проблемасын шешуге мүмкіндік туады. Жоба іске қосылғанда 50 адамға жұмыс орыны ашылады. 

Зауыттың іргетасы былтыр қаланды. Пандемия құрылысқа қажетті қондырғыларды әкелуге кедергі келтірген. Дегенмен, құрылыс қайта қарқын алып, бүгінде 35 пайызға орындалды. Жоспар бойынша жоба келесі жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады.

Болат Қалимов, мердігер мекеменің өкілі: 
-Су Астраханьнан келеді. Сонда 17 мың куб су күніне қалаға барады.  

Қазір Қаражанбас кен орны мұнай шығару үшін Астрахан-Маңғыстау су құбырынан тәулігіне 17 мың 500 текше метр су алады. Ал, зауыт іске қосылғанда бұл суды халық пайдаланып өндіріске қайта өңделген жер асты суы қолданылады. Жобаның өндіріс үшін де маңызы зор. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы «Қаражанбас» акционерлік қоғамы 2021-2035 жылдары мұнай өндірісін кемінде 700 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр.

Кен орнында мұнай қалдықтары да қайта өңделіп, ішкі жол құрылысына қолданылады. Бұл үрдіс 2010 жылдан бері жалғасуда.

Жалпы «Қаражанбас» компаниясы бұрыннан қалыптасқан тарихи қалдықтар мәселесін біржолата шешті. Уақытша сақтау полигонындағы 180 мың тоннадан астам қалдық кәдеге жаратылған. Қалдықтардың соңғы 36 мың тоннасы өткен жылы толығымен жойылды. Бұған қоса Каспий теңізінің жағалауындағы 1970-ші жылдардың аяғында бұрғыланған 11 ұңғыма жабылды.

Аягөз Оралбайқызы


Қаражанбас кен орны су тұщыту зауыты

Хабарламаларға жазылу