«Рухани жаңғыру» бағдарламасы одан әрі жалғасады

29.10.2020

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғыру болып жалғасатын болды. Бұл үшін арнайы жол картасы әзірленеді. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында осындай шешім шығарылды.  

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында бағдарламаның биылғы нәтижелері және алдағы жұмыстың жаңа басым бағыттары қарастырылды. Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қала бермек. 

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:  
-Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» екенін айырықша айтты.  

Ұлттық сананы жаңа сатыға көтерудің маңыздылығын ескере келе мемлекеттік бағдарламаның ауқымын кеңейту туралы шешім қабылданды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы: 
-Ұлттық сананы жаңғыртудағы осы саяси сабақтастықты негізге ала отырып, біз рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуына барынша күш-жігерімізді салып, ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге қызмет етуіміз керек.  

Ұлттық жаңғыру қазақ елінің болашағын қалыптастыруға әсер етеді. Сондықтан оны асқан жауапкершілікпен іске асыру маңызды.  

Ерлан Саиров, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы: 
-Рухани жаңғырудың ең басты аспектісі ол – болашақтың тарихын жасау. 21-ғасырдағы адам және 21-ғасырдағы қазақтың социумы қандай болуы керек деген сұраққа жауап.  

Кез келген ұлт өзі дамымай өзгеге еліктеу арқылы жетістікке жете алмайды. Ал бағдарламаның жаңаша түрленуі барлық саланың алға басуына көмек болмақ. 

Серік Ақсұңқарұлы, қоғам қайраткері, ақын: 
-Әрбір ұлт өзі дамымай өзгеден көшіріп алып ешқандай жетістікке жете алмайды. Сондықтан ұлттың өзінің ішкі дүниесі, ішкі моральдық, этникалық қуаты, экономикалық қуаты мықты болуы керек. Тек қана әдебиеттің мәдениеттің ғана емес бүкіл ұлттың жан-жақты жаңғыру мәселелері алдымызға қойылып отыр. Бұл өте күрделі мәселе.  

Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Оңғар Алпысбайұлы


Рухани жаңғыру Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев

Хабарламаларға жазылу