Ақтауда құрылыс компаниясына миллиондап қаржы салған 200-ге жуық үлескер үйсіз қалды. Тіпті құрылыс компаниясы 1 пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген көрінеді. Себебі, бір пәтердің құжаты бірнеше үлескердің қолында жүр. Ал, құрылыс басында биылдыққа қыбырлаған жан болмапты. Алданған тұрғындар қаржысын қайтаруды талап етіп, облыс әкімінен араша сұрады.
Ережеп Қияқов «Тастемір ЛТД» ЖШС-і жариялаған әдемі жарнамаға сеніп, 1 бөлмелі пәтер алу үшін 3 млн теңгесін апарып берген. Содан бері жыл өтті. Салынған үй жоқ, қайтарған ақшасы да жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің құрылысы биыл жазда аяқталуы тиіс еді. Сол себепті олардың көбі бұрынғы баспаналарын сатып, қаржыны жаңа пәтерге салған.
Қалампыр, Ақтау қаласының тұрғыны:-Үйімді сатып, үстіне несие алдық. Өзіміз квартирада тұрамыз.
Үлескерлер айтқан тұрғын үй 20-сыншы шағын ауданда бой көтеруі тиіс. 5 қабатты үйдің 4 қабаты ғана тұрғызылған. Құрылыс материалдарының тапшы болғандықтан үй салынбай қалған. Ал, компания басшысымен сөйлесу мүмкін болмады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұловтың сөзінше, құрылыс салынып жатқан жер учаскесі аукцион арқылы сатылған. Кәсіпкердің ол жерде үй салуға рұқсаты бар ма, жоқ па белгісіз. Ал, жиған тергенін күмәнді біреулерге ұстатып жіберген жүздеген үлескерге сотқа жүгінуден басқа амал қалмады.
Аягөз Оралбайқызы