ПТР тестілеуі жоқ жолаушыларды тасыған әуекомпанияларына 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Жалпы, соңғы 3 аптада шетелден ұшып келген 39 жолаушыдан коронавирус анықталған. Ал ПТР анықтамасы жоқ жолаушыларға қандай шара қолданылады?
Асима Нұрбайқызы, тілші:
-Бүгін түнде шетелден келген 42 жолаушыда ПТР тест болмаған. Бір қызығы, олардың барлығы демалу үшін шыққан. Дегенмен, енді бұл азаматтарға коронавирусқа қарсы сынама тегін жасалады. Тестілеу нәтижесі шыққанша карантинге жатқызылады. Барлығы жергілікті органдардың есебінен жүргізіледі.
Бірақ, бұл қазақстандықтарға ғана қатысты. Ал ПТР анықтамасы жоқ шетелдіктер ел аумағына кіргізілмейді. Үш аптада осындай 31 шетелдік депортацияланды. Ал анықтамасы жоқ шетелдің азаматын бортқа кіргізген әуекомпаниялары жазаланады. 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл арқалайды.
Сонымен қатар, бұдан былай жиындар мен отырысқа қатысатындардың бәрінде ПТР тестінің нәтижесі болуы тиіс. Бұл - індеттің таралмауы үшін талап етіліп отыр.
Асима Нұрбайқызы