Павлодар облысында вирустың таралуы көбейгендіктен карантин талаптары күшейді. Өткен аптаға қарағанда корнавируспен ауырғандар саны 2,3 пайызға өскен. Сондықтан тұрғындар үшін қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бетперде тағып жүру міндеттелді. ПТР тесті болмаса, адамдар ұшаққа жіберілмейді. «Тіпті қазір бір-бірімен қол алысып амандасудың өзі қауіпті», - деп кеңес береді санитарлық қызмет мамандары.
Зәмзәгүл Досжанова, облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары:Халыққа қызмет көрсету орталықтары бөлімшелерінің жұмысы 1 сағатқа қысқарады, яғни, 17:00-де тоқтатылады. «Қазпошта» бөлімшелері сағат 18:00-де жабылады. Сенбі күні түске дейін ғана жұмыс істейді. Ал, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінң 70 пайызы қашықтан жұмыс істеу форматына көшеді.
Батыс Қазақстан облысында түнгі 23:00-ден кейін көлік қозғалысын шектеу енгізілуі мүмкін. Себебі індет күш алып барады. Тыйымға қарамастан туған күн, үйлену тойы, садақа өткізу тыйылар емес. Заңға бағынбай той жасағандар арасында Ақжол ауылдық округінің әкімі де бар. Облыс басшысы мұндай шенеуніктерге мемлекеттік қызметте орын жоқ екенін жеткізіп, өз аппаратына аталған істі бақылауға алуды тапсырды. Мәселен өткен демалыс күндері 14 мейрамханада той ұйымдастырылған.
Болат Аманбаев