Қызылордадағы көмір қоймасының аумағында 70-тен аса жүк көлігі кезекте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордадағы көмір қоймасының аумағында 70-тен аса жүк көлігі кезекте тұр

26.10.2020

Қызылордада көмір тапшы. Теміржол тұйығындағы қоймада бір жетіден бері жүк көліктері кептеліп, көмірдің кезегінде тұр. Күн болса суып барады. Көгілдір газға қосылмаған жұртты қатты отын мәселесі алаңдатып отыр.  

Әділбек Серікұлы, тілші: 
-Қаладағы көмір қоймасының аумағында қазіргі таңда 70-тен аса жүк көлігі кезек күтіп, қаз-қатар тізіліп тұр. Барлығы дерлік ауыл аймақтан келгендер. Қатты отынның жоқтығынан жүргізушілер бірнеше күннен бері көлікке түнеп, әбден әбіржіп отыр.  

Көлік күннен-күнге көбейіп барады. Бірақ, жылжып жатқан кезек жоқ. Көмір іздеп келгендердің арғы басы Түркістан облысынан, бергі басы Аралдан жеткен. 

Бақытжан Өтжанов, көлік жүргізушісі:   
-Камазда жатқанымызға қазір үш күн болды. Көмір аз ба білмеймін, жетпей жатыр.  

Жалпы бұл қоймаға сонау арқа төріндегі Шұбаркөлдің көмірі әкелінеді. Үш-төрт күнде 4-5 вагоннан жеткізілуде. Алайда оның өзі басында қонажатып кезек күткендерге толық бұйырмай отыр. Өйткені, баса көктеп тиеп кететіндер көп. Сондықтан, қатты отынды ауылға жеткізу мұң болып тұр.

Алмағанбет Көпбергенов, Махамбет ауылының тұрғыны:  
-10 шақты вагон келсе, мына көліктер кезекте тұрмайды. Күн деген суып бара жатыр.  

Жалпы өңірге көмірдің бес түрі жеткізіледі. Облыстық энергетика басқармасының мәліметінше, осы кезге дейін 132 мың тонна қатты отын аймақтағы қоймаларға үлестіріліпті. Қазір көмірден ешқандай тапшылық болмауы тиіс деп отыр салаға жауапты басшылар. 

 Ерлан Жаңабаев, Облыстық энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: 
-Қызылорда қаласы бойынша қазір 3 вагон келді. Жалпы осы айдың соңына дейін 146 вагон жолда келе жатыр. Ол осы өңірге жетіп тұрғындарға сатылымға шығарылады. 

Салаға жауапты мамандар берген мәлімет пен қоймадағы көмірдің қоры үлеспей тұр. Қыс болса, қыр астында.

Әділбек Серікұлы


Қызылорда көмір қоймасы

Хабарламаларға жазылу