Елімізде карантин талабына қайшы келсе де той тойлайтындар азаяр емес. Мәселен, Қызылорда облысында мобильді топ өкілдерімен соңғы бір аптада 81 думанды шара анықталған. Өзге өңірлер де қалыс қалып жатқан жоқ.
Қызылордада үйінің ауласында той тойлағандарды полицияның арнайы жасағымен тоқтатуға тура келді. Олар мобильді топқа күш көрсетіп, кикілжің құқық қорғаушылардың көмегімен басылды. Учаскелік инспектордың ескертуіне қарамастан, 50 адамнан аса адамды жинап, құдалық жасаған тұрғынға айыппұл салынды.
Бағлан Аманкелдиев, мобильді топ мүшесі:
- Тойхана, ресторандарда тойлар біршама тыйылғанымен, жеке үйдің ауласында той өткізу тыйылмауда.
Түркістан облысы Шәуілдір ауылында белгілі эстрада әншісі Қуандық Рахымның қалыңдығының ұзату тойы өткен. Оның бейнежазбасы әлеуметтік желілерге лезде тарап үлгерген. Енді карантин талабын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Артынша әнші Жезқазған қаласында дүркіретіп үйлену тойын өткізген. Мейрамханадағы думанға 100-ге жуық қонақ шақырылып, көңілді кеште жұлдыздар өнер көрсеткен. Әншіге заңға сәйкес айыппұл салынады.
Ал Ақтөбеде мобильдік топ мейрамханалардың бірінде жасырын үйлену тойын өткізіп жатқандардың үстінен түскен. Тексерушілерді тойхана күзетшісі тоқтатпақ болып, қарсылық танытқан. Заңға бағынбаған күзетші жауапқа тартылды. Сондай-ақ, тыйым салынса да той өткізуге рұқсат берген кәсіп иесіне де хаттама толтырылды.
Әділбек Серікұлы