Маңғыстау облысында 29 мың отбасыға 50 мың теңгеден көмек көрсетілді

16.10.2020

Маңғыстау облысында Елбасы бастамасымен қолға алынған «Birgemiz» акциясы аясында 29 мың отбасыға 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Олардың дені – көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар. Ал жастар арасындағы жұмыссыздықты шешу үшін «Nur Otan» партиясы 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Бұл туралы аймаққа жұмыс сапарымен келген партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.  Облыстық онкологиялық орталық – өңірдегі ең ұзақ салынған нысанның бірі. 2008 жылы басталып, биыл әрең бітті. Тұралап қалған құрылыс партиялық бақылаудың арқасында жүзеге асты. Бүгінде заманауи диагностикалық кешен қатерлі ісік ауруларын бастапқы сатысында анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. 

Ал, «ҚазАзот» кәсіпорны індет өршіген тұста Елбасы бастаған «Birgemiz» акциясына қатысып, ауруханалар мен стационарларды үздіксіз оттегімен қамтамасыз етті. Сондықтан партия төрағасының бірінші орынбасары ұжымға алғысын білдірді. Бауыржан Байбек одан әрі партияішілік праймеризге қатысушылармен және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесіп, партияның облыстық сайлауалды бағдарламасын талқылады. Оған тұрғындардың 400-ден астым ұсынысы енгізілген.  

Өңірде праймеризге 315 адам қатысты. Оның 34 пайызы - жастар. Олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ұсыныс,пікірлерін ашық жеткізді. Бұл тұрғыда партия әлеуметтік әлжуаз топты ұмыт қалдырмайды деді, Бауыржан Байбек. 

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 6000-нан астам отбасыларға 50 мың теңгелік көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы, алған кезде 29 мың отбасыға көмек көрсетті. 

Бауыржан Байбек Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытының жұмысшыларымен кездесіп, кәсіпорынды модернизациялау жайын талқылады.Жаңаөзенде өзекті мәселелердің бірі - жастар арасындағы жұмыссыздық. Оны шешу үшін партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. 

Аягөз Оралбайқызы

                                                          

Маңғыстау облысы «Birgemiz»

Хабарламаларға жазылу