Ақтауда туған күнін тойлаған шенеунікке 30 мың теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда туған күнін тойлаған шенеунікке 30 мың теңге айыппұл салынды

15.10.2020

Қызылордада дүркіретіп той-тойлайтындар тыйылар емес. Карантин талабына қарамастан жүздеген адамды жинап, отбасылық думанды шараларды өткізген 140 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Ұлан-асыр той демалыс күндері шаһардағы мейрамханалардың бірінде болған. Рейдке шыққан мобильді топ өкілдері тойдың үстінен түсіп, 150 адам жиналған шараны тоқтатқан. Елдегі тәртіпке бағынбай, ескертуді елемеген кәсіпкерлік нысан иесі мен қала тұрғынына әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы осы кезге дейін карантин режимін бұзушы заңды және жеке тұлғаларға 30 миллионнан астам айыппұл салынған. Бүгінде қала бойынша 14 мобильді топ жұмыс істеуде.

Бағлан Аманкелдиев, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы: 
-Карантин режимін сақтамаған 133 тұлғаға әкімшілік хаттама жазылды. 36 той иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. 

Ақтауда туған күнге барған бірнеше мемлекеттік қызметкер жазаланды. Туған күннің иесі облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, басқосуда болған Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары, Маңғыстау мен Мұнайлы ауданындағы бірнеше бөлімнің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Оқиға өткен айда болды. Басқарманың 25 қызметкері карантинге қарамастан табиғат аясына демалыс ұйымдастырған. Ал оның соңы басшыларының туған күніне ұласқан. 

Әділбек Серікұлы


Ақтау мемлекеттік қызметкер Карантин

Хабарламаларға жазылу