COVID-19: АҚШ-та науқастардың саны 8 миллионға жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19: АҚШ-та науқастардың саны 8 миллионға жуықтады

13.10.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 37 миллионнан асып отыр. Кейбір ғалымдардың ойынша, ковидтің табиғи тарауына жол берілуі керек. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау мұндай позицияны моральға жат деп есептейді. Осы ұйымның өзге бір мәліметінше, қазір пандемия Америка құрлықтары мен Еуропада қайта күшейіп отыр. Қазір Еуропа мен екі Америкада күнделікті коронавирус жұқтыру көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетіп отыр. Сонымен қатар, бұл аймақтарда осы инфекциямен жан сақтау бөліміне түскендер де көбейіп келеді. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Женевада өткен баспасөз маслихатында мәлімдеді. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
-Біз бұл пандемияның құбылмалы екенін естен шығармауымыз керек. Әлем елдері одан әртүрлі деңгейде зардап шегіп, түрлі дәрежеде жауап беріп жатыр. Өткен аптада жұқтыру оқиғаларының 70 пайызы 10 елдің үлесінде болды. Және де сол науқастарлың жартысынан жуығы үш континентте тіркелді. 

Франция, Ұлыбритания, Германия эпидемияның екінші толқынына тойтарыс беру үшін шектеу шараларын қайта күшейтіп жатыр. Дегенмен, британ үкіметі ұлттық деңгейде карантин енгізуге қарсы.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:
-Жұқтыру оқиғалары соңғы үш аптада төрт есеге артты. Бірақ, мен ұлттық карантин қажет деп ойламаймын. Балаларды білімнен айыруды және экономикаға нұқсан келтіруді қаламас едім. 

Пандемиядан ең көп зардап шеккен ел – Құрама Штаттар. Мұнда бір күнде 60 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылды. Осылайша, АҚШ-та мұндай науқастардың саны 8 миллионға жуықтап, 214 мыңнан астамы қайтыс болған.  Ал, Үндістанда ковид жұқтырғандар соңғы 13 күнде тағы бір миллионға көбейіп, 7 миллионнан асып отыр.

Арыстан Рысбек

АҚШ коронавирус Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем жаңалықтары

Хабарламаларға жазылу