Семейде белгілі композитор Тұрсынғазы Рахимовтың екі жыл бұрын жасаған ескерткіші орнатылмай, шаң басып тұр. Композитордың «Сәби болғым келеді», «Отыздан асып барамын», «Қазағым-ай» әндерін білмейтін қазақ кемде-кем. «Ғұмырын өнерге арнаған тұлға көзі тірісінде де лайықты құрмет көрмей, ешқандай атақ алмады», - дейді көзкөргендер.
Тұрсынғазы Рахимовтың мына ескерткіші жасалғанына 2 жылға жуық уақыт өткен. Содан бері қаладағы Мәдениет сарайының ауласында, шаң басып жабулы күйі тұр. Оны жасатқан композитордың досы, өнердегі үзеңгілесі - Адай Азаматов. Мүсін дайын болғанда-ақ оны орнату жайлы қала басшыларын хабардар еткен.
Адай Азаматов, мәдениет қайраткері:Ол кісі өмір бойы үндемей өткен адам.
Ескерткіштің жылдап елеусіз жатқандығын естіген жұртшылық та әлеуметтік желіде де, талқылап өкпе-реніштерін жаудыруда. Жергілікті әкімшілік болса, мүсіннің осы уақытқа дейін орнатылмағандығына түрлі себепті алға тартып отыр. Алайда, композитордың туған күніне орай 15 қазанда тұғырға қондырамыз деп уәде берді.
Назерке Аққожина, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:Нақты бір орын ол кезде анықталған жоқ болатын. Ескерткішті қоюдың өзінің заңдылығы бар.
Тұрсынғазы Рахимов 100-ден аса әннің авторы. Дені Мұқағали өлеңдеріне жазылған. Көзі тірісінде атақ, даңқ қумай өмірін өнерге паш еткен. Енді көзі кеткеннен кейін де, «Сәби болғым келеді» деп жырлап өткен сазгер, сәбише күлімдеп, тұғырға қонар күнін күтіп тұрғандай.
Ержан Жақып