Президент Алматы облысында өткен бітімгершілік оқу-жаттығу жиынына қатысты

08.10.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Мұнда Президент Десанттық шабуылдаушы әскерлерінің жаңа оқу-жаттығу алаңын аралап, бітімгерлерді даярлайтын оқу орталығының мүмкіндігімен танысты. Осы жерде Мемлекет басшысы әлемде ушыққан түрлі қақтығыстар мен аумақтық тұтастыққа қатысты туындаған жанжалдарды шешудің жолын ұсынды. 

Бұл - Тілендиев полигоны. Бұрын қу тақыр болған жерде қазір қазақ бітімгерлері дайындықтан өтеді. Су жаңа оқу-жаттығу алаңын көруге келген Президент қасым-Жомарт Тоқаев алдымен оқу орталығына барды. Бітімгерлер - Десанттық шабуылдаушы әскерлерінің құрамындағы элиталы бөлім. Білекті, жүректі ғана емес өте білімді болуы керек. Сол үшін оқуға ерекше мән берілген. Әсіресе кез келген уақытта медициналық көмек көрсете алатындай болуы қажет әрі ағылшын тілін жетік білуі тиіс. Өйткені БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын орындау үшін түрлі шиеленістер мен қарулы қақтығыстар ушыққан елдерге барады. Тараптарты татуластырып, бейбіт тұрғындарды қорғайды. 

Сыныптарды аралаған соң Мемлекет басшысы жаттығу алаңына барды. Мұнда шетелдегідей бітімгерлердің кәдімгі базасы тұрғызылған. Ол жоқ кезде десанттарымыз АҚШ, Ұлыбритания секілді елдерге барып даярлықтан өтетін еді. Енді БҰҰ-ның шешімі бойынша өзіміз өзгелерді оқыта аламыз. 

Қаныш Әбубәкіров, ҚР десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы: 
-Орталық Азия аймағында бітімгерлерді дайындайтын жалғыз ғана орталық бар. Ол біздің елде орналасқан. Сондықтан көрші мемлекеттердің жауынгерлері Қазақстанға келіп, бітімгерлік операция қатысудың қыр-қырын үйрене алады. 

Ал бұл ұрыс алаңы. Бітімгерлер мұнда күнде оқ атып, тактикалық шеберліктерін шыңдайды. Жаттығуларын Мемлекет басшысына көрсету үшін ұйымдастырылған арнайы операция өткізді. Сценарий бойынша сарбаздар көмекке мұқтаж әлдебір елдің қаласындағы тұрғындарға азық-түлік пен киім-кешек жеткізуі керек болған. Бірақ гуманитарлық керуенге жолда террористер шабуыл жасап, жарылыс ұйымдастырды. 

Досжан Маратұлы, тілші:
-Жарылыс кезінде бітімгерлер мен бейбіт тұрғындар арасында жараланғандар бар. Оларға медициналық көмек көрсету үшін тікұшақ ұшып келді. Ондағылар жарақат алғандарды базаға апарады. Ал шабуыл жасаған террористермен бітімгерлер ұрыс жүргізіп жатыр. 

Осылайша жауынгерлер лаңкестердің көзін жойып, гуманитарлық көмекті кешіктірмей жеткізді. Жалпы ел тарихында сарбаздарымыз Тәжікстан, Батыс Сахара мен Кот-Дивуарада және Иракта БҰҰ-ның осындай бітімгерлік операцияларына қатысқан. Ал 2018 жылдан бері осымен төртінші ротамыз Ливанда жүр. Жат жерде қызмет атқарғандардың бірі Жәнібек Сәбішев. Жарты жылда көп тәжірибе жинадым деген ол түрлі қауіпті сәттерді бастан кешірген. 

Жәнібек Сәбішев, Бітімгершілік полкінің жауынгері
-Біз мобильді патрульде жүргенде көлікпен жан-жағымыздан адамдар тас ататын қауіптер болды. Жолды жапқан қауіптер болды. Біз оларды бітімгершілікке жақырып, қауіпті тоқтата білдік. 

Осылайша бітімгерлердің оқу-жаттығуымен танысқан Президент олардың еңбегін ерекше бағалады. Жауласқандарды мәмлеге шақырып, қауіпті тоқтататын сарбаздардың маңызы зор деді. Өйткені әлемде аймақтық және ұлтаралық қақтығыстар ушықпаса басылмай тұр. Миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Сіздер Біріккен Ұлттар Ұйымы атынан қызмет етесіздер. Бұл – абыройлы міндет. Жауапкершілікті талап етеді. Қазақстан кез келген қақтығысты қашанда саяси-дипломатиялық жолмен шешу жолын ұстанады. Біріккен Ұлттар Ұйымында – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама көтеруі соның дәлелі. Қазақстан қарулы Күштерінің қасиетті борышы еліміздің жер бүтіндігін қорғау. Бұл жоғары мақсатты орындау үшін армиямыз әрқашанда дайын болу керек.

Осы жерде Президент шекара тұтастығына қатысты туындаған қақтығыстарды шешудің жолын да ұсынды. Өзара түсініспеушіліктер қарулы қақтығыстарға апармауы керек. Мәселені халықаралық заңнама арқылы шешу маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мемлекеттік шекараның тұтастығын сақтау қазір негізгі мәселелердің біріне айналды. Осыған байланысты туындаған қақтығыстарға баға беріп, оң шешімін іздеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы және қауіпсіздік кеңесінің резолюциясына сүйенуіміз керек. 

Ал қазақ армиясы шағын, мобильді ең бастысы мықты болуы тиіс. қарулы күштерде қазір осы бағытта реформа жүріп жатыр. Сол үшін командирлерді түрлі шаралармен және бет алды тексеріспен мазалауға болмайды деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ел тыныштығын сақтау, халқымызды қорғау – ең басты міндет. Осы перзенттік парызды адал атқарасыздар деп сенемін. Мемлекетіміз қарулы күштерді әрқашан қолдайды. Себебі, армиямыз халықтың мүддесі үшін қызмет етеді. 

Сөз соңында Президент әскери қызметшілерге мемлекеттік қолдаудың арта беретінін жеткізіп, алдағы миссияларына сәттілік тіледі. Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болуы екенін естеріне салды.

Досжан Маратұлы


Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы оқу-жаттығу жиыны

Хабарламаларға жазылу