Жамбылдық шаруалар судан тапшылық көріп отыр - депутат

08.10.2020

Жамбыл облысындағы жер емген шаруалардың жағдайы қиын. Жүгері, қант қызылшасы мен жоңышқадан өнімді 36 мың тоннаға кем алып, 1 млрд 300 млн теңгеден қағылып отыр. Себебі су тапшы. Бастауын Қырғызстаннан алатын судың 80%-ы өңірге Шу, Талас трансшекаралық өзендері арқылы жетеді. Алайда 6 жылдан бері көрші ел келісілген кестеге сәйкес бөліспей келеді. Диқандардың өзегін талдырған мәселе туралы сенатор Үкімет басшысына сауал жолдады. Қос өзеннің бойында жоспарланған 3 жаңа су қоймасының құрылысына 2021 жылға қаржы қарауды сұрады. Сондай-ақ тіршілік нәрін пайдалануды цифрландыру арқылы бақылау қажеттігін айтты. 

Әбдәлі Нұралиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
«ҚазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының мәліметі бойынша 2020 жылы жалпы ауданы 122 мың га болатын 1025,0 млн текше метр су үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен су жеткізу туралы келісім жасаған. Алайда биылғы сәуір айынан қыркүйек айына дейін 79,6 мың гектар алқап 550,3 млн текше метр сумен қамтамасыз етілген. Жоспарды орындамаудың басты себебі - трансшекаралық көздерден келетін судың жетіспеушілігі.

Нысаналы Ығыл

Жамбыл облысы су тапшылығы депутаттық сауал сенат

Хабарламаларға жазылу