Күні кеше лицензиясынан айырылған Алматыдағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы министрлік шешімімен келіспейді. 5 мыңнан астам студенті бар оқу орнының басшылығы білім беру ісі барлық талаптарға сай екендігін айтып, сотқа шағымданатындарын жеткізді. Алайда, салалық ведомство жыл басынан бері жүргізген тексеру кезінде академия оқытушылық құраммен, өндірістік базалармен қамтылмағаны анықталған. Сонымен қатар, білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес келмеген. Сондықтан, академия лицензисынан айырылып, енді алдағы 9 жұмыс күні ішінде қызметін тоқтатуы тиіс. Ал студенттер қаладағы өзге оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады. Алайда, 90 жылдық тарихы бар академия елдегі теміржол саласындағы барлық мамандыққа кадр даярлайтын жалғыз оқу орны, дейді академия ұстаздары.