Сәтбаевта бес жасар қызды зорлады деп ұсталған ер адам изоляторда суицид жасады

07.10.2020
Сәтбаевта бес жасар қызды зорлады деп ұсталған ер адам изоляторда суицид жасады

Кеше, алтыншы қазан күні Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторында төтенше жағдай орнады: 2020 жылдың шілдесінде Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлап, зорлады дегенге күдікті (62 жаста) өзіне қол жұмсаған. «Немолчи.кз» тәуелсіз қозғалысының ақпаратына сүйенсек, күдікті асылып өлген. Қарағанды қаласы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі өлім фактісін растады, бірақ, марқұм қандай жолмен суицид жасағанын хабарламады.  

«Алтыншы қазан күні Қарағанды қаласының тергеу изоляторында бүлдіршіннің зорлығына күдікті ретінде ұсталған адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына келген жедел жәрдем оның өлімін тіркеді. Алдын ала болжам бойынша, марқұм суицид жасаған. Денесінен соққының ізі жоқ. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің департаменті қызметтік тексеру бастады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 23 шілде күні Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында бес жасар қыздың зорланғаны белгілі болды. Ата-анасының көзінен таса болған қызды тұрғындар бес қабатты үйдегі пәтердің бірінде тұратын, ішімдікке құмар, жұмыссыз 62 жастағы адамның пәтерінен тапқан.


Хабарламаларға жазылу