Қостанай облысының Ресеймен шекарасында санитарлық бекет қайта ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Ресеймен шекарасында санитарлық бекет қайта ашылды

06.10.2020

Қостанай облысының Ресеймен шекарасында бүгін санитарлық бекет қайта ашылды. Індетке тосқауыл қою мақсатындағы тексеру орны Жітіқара ауданындағы «Желқуар» өткізу пунктінде жасақталған. Мұндай қаулыны карантиндік шараларды күшейту мақсатында жергілікті жедел штаб қабылдады. Көрші елден Қазақстанға келушілер сол жерде санитарлық сауалнама толтырады және термометриялық тексерістен өтеді. Бұл пункттен күніне шекараны 100-ден астам адам кесіп өтеді. Сонымен бірге ауданда қырық орынға шақталған карантиндік стационар жұмысын қайтадан бастады.    

Юрий Севостьянов, Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
-Жалпылай алғанда облыстағы жағдай тұрақты. Ауруды жұқтыру көрсеткіші азаймаса көбейген жоқ. Күніне әрі кетсе 1-2 адам ғана тіркеліп отыр. Қазір індет Еуропада, Ресейде өршіп тұрғаны мәлім. Бекет ашудағы мақсат сол шетелден келетіндерді бақылауда ұстау. Облыс аумағында бұдан басқа санитарлдық бекеттер ашу әзір жоспарда жоқ. 

Ал Қостанаймен шектесетін Ресейдің Қорған, Орынбор, Челябі облыстарында жағдай мәз емес. Індет жұқтырғандардың саны артып, бұл өңірлерде көпшілік шараларға тыйым салынып, қызметкерлер онлайн жұмысқа ауысты. Мектеп оқушылары белгісіз мерзімге каникулға жіберілді. Ал өткен тәулікте Ресейде 11 мыңнан астам адам қатерлі кеселге шалдыққан. Яғни, инфекция жұқтырғандар саны мамырдан бері 11 есеге өскен.

Дәуренбек Әбдібек

Индира Бегайдар

Қостанай санитарлық бекет

Хабарламаларға жазылу