Маңғыстауда газ құбырының үстіне асфальт салуға жол берген әкімдер жазаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда газ құбырының үстіне асфальт салуға жол берген әкімдер жазаланды

05.10.2020

Келеңсіз жәйт Түпқараған ауданы Аташ ауылында болды. Мердігер компания газ құбырын жолдың қақ ортасына қалдырып, асфальт төсеп кеткен. Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын туғызып, жауаптылардың басы дауға қалды. Әлеуметтік маңызды жобаны дер кезінде қадағаламаған аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Оның орынбасары мен ауыл әкіміне қатаң сөгіс берілді. Ал, тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы жұмыстан шығарылды. 

Әлеуметтік желіге лезде тарап кеткен сурет көпшіліктің ашуын туғызды. Жол бойында шошайып тұрған екі құбырға жұрт тіксіне қарады. Бірақ, сол күні түнде су жаңа асфальт қайта сүрілді.  

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 
-Газ құбырын айнала төселген аты шулы асфальт жол осы. Өздеріңіз көріп тұрғандай міне, екі құбыр жолдың қақ ортасында тұр. Бірақ, бұл мына газ құбырын тірейтін бағаналар екен. Десе де жолдың тап осылай салынуы тұрғындар өміріне аса қауіпті.  

Жол салмас бұрын газ құбыры жер астымен өткізілуі тиіс болған.  Келеңсіз жағдайға мердігер компанияның учаске бастығы кінәлі болып шықты. Ол сол күні белгісіз себептермен жұмыс орнынан кетіп қалған. Оған қатаң сөгіс беріліп, жалақысының 30 пайызы қиылды.  

Рустам Альманбетов, мердігер компанияның өкілі: 
-Ол газ құбыры біздің жобада көрсетілмеген. Сондықтан біз тапсырыс берушіге бірнеше рет ескерткенбіз. Олар құбырды алуға уәде берді. Бірақ, асфальт төсегенше алған жоқ.   

Осы жағдайдан кейін құзырлы органдар тексеруге кірісті. Жолдың сапасы да анықталуда.

Елтай Таялиев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының директоры: 
-Ана жерде өте қауіпті, авария болса адам өліміне дейін баруы мүмкін.  

Қазір жер астымен газ құбыры тартылды. Осы аптаның ішінде жол үстіндегі тіреуіш бағаналар мен жоғарыдағы газ құбыры алынады. Бұл жұмыстарды әкімдік жүзеге асыруда. Ал мердігер компания сүрілген жолды қайта төсейтін болды.

Аягөз Оралбайқызы


Маңғыстау газ құбыры асфальт

Хабарламаларға жазылу