Алматыда жаңа оқу жылы басталғалы бері 7 оқушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Қуан Нұрақын, тілші:
Жандарбек Бекшиннің сөзінше, вирус анықталған оқушылардың барлығы COVID-19-ды мектеп қабырғасында емес, қашықтан оқу кезінде жұқтырған. Тексеру жүргізген санитар дәрігерлер 4 баланың коронавирусты жақын туыстарынан, екеуі тұмаумен емханаға барғанда жұқтырғанын анықтапты. Ал біреуінен курорттық емделу алдында тексеруден өтер кезде вирус табылған. Сондай-ақ қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері шаһардағы жалпы эпидахуал тұрақты деп отыр. Өткен тәулікте бір адам коронавирус жұқтырған.
Сонымен қатар Жандарбек Бекшин қалада карантиндік талаптарды жеңілдетуге байланысты жаңа қаулы шығарды. Құжатқа сәйкес автожуу, техникалық қызмет көрсету орталықтары, тұрмыстық техниканы жөндеу, химиялық тазалау сияқты бірқатар нысан таңғы сағат 10:00-ден бастап түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істей алады. Құжат ертеңнен бастап күшіне енеді.