Қостанай облысында 17 жастағы жасөспірім топырақ астында қалып мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 17 жастағы жасөспірім топырақ астында қалып мерт болды

05.10.2020

Қостанай облысындағы Алтын дала ауылына ауызсу тарту барысында қайғылы жағдай болды. 17 жастағы бозбала құбыр өткізу үшін қазылған шұңқырға құлап қаза тапты. Жас жігіттің әкесі: «Балам мердігерлердің қауіпсіздік шараларын өрескел бұзуынан жазым болды», - дейді. Қайғыдан қан жұтқан әке енді істі жылы жауып тастай ма деп алаңдаулы. 

17 жастағы Алтынбек Төлегеннің өмірі тап осы жерде қыршынынан қиылды. Бозбала ауылға ауызсу тартып жатқан мердігер кәсіпорында уақытша жұмыс істеп жүрген. Куәгерлердің айтуынша, оны мына шұңқырға экскаватор абайсызда асауышымен қағып құлатыпты. «Алайда мердігер кәсіпорын өкілдері баламды өзі құлағандай етіп көрсетуге тырысты», - дейді марқұмның әкесі.  

Сапарбек Төлепбергенов, марқұмның әкесі:
Бала өзі құламаған. Бұрылып жатып асауышпен қағып жіберген. Неге қоршау жоқ? Балалар секіріп-қарғып жүр. Шұңқырлар ашық. Құдықтар да ашық тұр. 

«Ауылға су тартып жатқан кәсіпорын жұмысын бастағаннан бері қауіпсіздік шараларын мүлде сақтамады. Балам соның кесірінен мерт болды», - деп ашынады әке. Қайғылы жағдайдан кейін ғана мердігерлер қазылған орларды ала жіппен қоршап, құдықтарды жауыпты. Алайда кемшілігін кеш түсінген кәсіпкер, енді заң алдында жауап береді. 

Мұхтар Жайлаубеков, Қостанай аудандық ІІБ басшысы:
Қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша сараптама жүргізіледі. Сосын сот медициналық сараптама жүргізіліп, соның қортындысынан кейін шешім шығады. 

Яғни, мердігер ҚР ҚК-нің 156-бабының 3-бөліміне сәйкес жауапқа тартылады. Егер кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

Дәуренбек Әбдібек 

Қостанай оқыс оқиға полиция

Хабарламаларға жазылу