Праймериз: Nur Otan партиясының партия ішілік іріктеуі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Праймериз: Nur Otan партиясының партия ішілік іріктеуі өтті

04.10.2020

Nur Otan партиясының партия ішілік іріктеуі – «праймериз» өтті. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаты болудан үміткерлердің сайысы. Бұл партияның берген мәліметіне сүйенсек, 10 076 кандидат тіркелген. Ең көбі Нұр-Сұлтанда – бір орынға 15 адамнан. Алматы мен Шымкентте жетеуден. Кандидаттардың орта жасы - 43.

Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев «Telegram-каналдағы» парағында былай деп жазды: «Көптеген блогерлер мен Instagram -жұлдыздар танымалдығым депутаттық мандат алуға көмектеседі деген иллюзияға беріліп, нәтижесінде он мыңдаған адам өтініш білдірді. Ал олардың көбі желілік аудиторияның түгелдей басқарушы партияның мүшесі еместігін ескермеді, тиісінше, дауыс беруге қатыспайды. Демек үміткерлердің басым бөлігі жеңіледі, ал көп блогер жеңілісіне көнуге дайын емес. «Бұлай болуы мүмкін емес, себебі қазіргідей танымалдыққа жете алмас едім» деп ойлайды. Сөйтіп дауыс нәтижесімен келіспейтіндер аз болмайды». Саясаттанушы дауыс берудің таза өтуі кез келген айыптауға жауап берудің жалғыз жолы екенін меңзейді. Nur Otan-ның праймеризі жайлы Данияр Қайыртайдың материалы.

Дауыс беру бүгін 14:00-де тоқтатылды. «Праймериз» жүйесінің сайтындағы мәлімет бойынша 581 103 адам өз таңдауын жасаған. Бұл партиялықтардың 73,8 пайызы. Дауыс бергендердің ең көбі Атырау облысында тіркелді – 93,1 пайыз. Сосын 90 пайызбен Ақмола облысы тұр, ал Алматы облысында партиялықтардың 85,2 пайызы келіп дауыс берген.  Праймериздің соңғы нәтижесі бүрсігүні жарияланады.


Праймериз Nur Otan партия

Хабарламаларға жазылу