Алматыда тағы бір инфекциялық госпитальдің құрылысы аяқталды. Қала шетінде 2 айдың ішінде бой көтерген балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасын қала әкімі Бақытжан Сағынтаев көріп қайтты. Жаңа ғимарат 300 орынға арналған және заманауи озық үлгідегі технологиямен жабдықталған.
5,5 гектарды алып жатқан аурухананың 8 бөлімшесі бар. Оның ішінде боксталған екі және жартылай боксталған 6 блок қарастырылған. Барлық палата оттегі аппараттарымен, медициналық газбен жабдықталған. Мұнда науқастардың жағдайы автоматтандырылған жүйе арқылы тәулік бойы қадағаланады.
Аурухана қаладағы төрт ауданның тұрғындарын қабылдайды. 320-дан астам маман жұмыс істейді деп жоспарланған. Клиника заманауи рентген, УЗИ аппараттарымен жабдықталған. Жеке зертханасы да бар. Мұнда коронавирусты анықтайтын тестілеуден бастап сараптаманың барлық түрі жасалады.
Камалжан Надыров, Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:-Аурухананың санитарлық әрі экологиялық қауіпсіздігі өте жоғары деңгейде. Блокты аймақтардың болуы, жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялау, ағынды суларды залалсыздандыру мен медициналық қалдықтарды кәдеге жарату сынды технологиялық мүмкіндіктер қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы 4 айда заманауи құрылғылармен жабдықталған 3 аурухана салынды. Сонымен қатар, жуырда 200 орынға арналған госпитальдер ашылады. Жалпы қалада коронавирус жұқтырғандарды емдеуге арналған 1 мың жаңа төсек-орын пайда болмақ. Бұдан өзге, жыл соңына дейін 100 жедел жәрдем көлігі сатып алынады.
Нұрхан Нұрланұлы