Құс тұмауы қордаланған проблемалардың бетін ашты. Індеттің таралмауына күні бұрын қамдануы тиіс органдар қауқарсыз. Осы күні елде жұмыртқа тапшылығы бар, 20 пайызға азайып кеткен. Салдары қымбатшылыққа соқтырып жатыр.
Павлодар облысында құс тұмауы күннен-күнге өршіп барады. Індет 3 аудандағы 4 елді мекенде анықталса, бүгін тағы 3 ауылда тіркелді. Ауру ошағы анықталған Ақтоғай және Баянауыл, Железин ауданының Озерное ауылдары карантинге жабылады. Бүгінге дейін өңірде 3000-нан аса қанатты қырылып қалған. Аймаққа қосымша 37000 вакцина жеткізілді.
Баке Тасыбаев, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының басшысы орынбасары:
-Ақтоғайда қырылған құстың саны - 357, Баянауылда - 48, Озерное ауылында 150 бас. Атап өткендей, карантин мерзімі қолданылғаннан кейін ауылдағы барша құс тәркіленіп, жойылады.
Жалпы өңірде 330 мыңға жуық құс тұмаудан сеспей қатты. Өтемақы сонша басқа ғана төленеді. Бұл министрліктің мәліметі. Ал құс өсірушілер одағы қырылған қанаттылар саны 1 млн 500 мыңнан асқанын айтты. Шығын Солтүстік Қазақстан мен Қостанайдағы фабрикалардан. Бірақ құзырлы органдардың бұған келіскісі жоқ. Кәсіпорындардың құрдымға кетуіне кінәлі өздері,-дейді.
Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ департаменті басшысының міндетін атқарушы:
-Ондағы өлген құстардың 250 мыңы ауаның жетпегенінен тұншығып өлген. Ол құс тұмауынан емес.
Қаза берсе ветеринария саласының ақсап тұрғаны айқындалады. Кей ауылдарда тіпті маман жоқ. Бар жерінде жалақы төмен. Сондықтан тұрақсыз. Бүгін сенатор Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады. Тұмаудың салдары экономикаға залал келтірді,-деді.
Дүйсенғазы Мамин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Соның ішінде ауру құстарды жоюға және де оларды жаппай вакцинациялауға мәжбүр етеді, құс иелеріне өтемақы беру мәселелері мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіретіні анық.
Өйткені, өтемақыдан бөлек вакцинаға да қазынадан қаржы қаралады. Ал отандық дозаның бағасы 52 теңге болса, шет елдікі 25 теңге. Мемлекетпен бірге халықтың қалтасына да ауыр. Базарларда жұмыртқаның қымбаттағаны байқалады.
Себебі, жұмыртқа өндіретін 35 кәсіпорынның үшеуі құлдырады. Енді аяққа тұруына кемі жарты жыл керек. Ал өніммен қамту көлемі 10%-ға түсті. Тапшылық қымбатшылыққа соқтырары сөзсіз,-дейді қаумдастық төрағасы.
Максим Божко, Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті:
-Бірнеше себебі бар. Алдымен мемлекеттік қолдау қысқарды. Содан өнім азайды. Екінші 3 фабрикадан 1 млн-нан аса құс қырылды. Міне, осылайша жұмыртқа өндіру 20 пайызға төмендеп отыр. Баға міндетті түрде өседі. Кәсіпорындар көтермесе де, делдалдар қымбаттады.
Құс тұмауының қаупі қалған ет өндіретін 26 фабрикаға тимеді. Сондықтан құс етінің құны құбылмауы керек,-деп отыр. Жалпы 6 өңір, 25 аудан, 48 елді мекенде карантин енгізілген еді. 7,7 млн доза вакцина салынатын болды. Бүгінгі күні эпидахуал тұрақталған. Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында індеттен қырылу жағдайы тоқтады.
Нысаналы Ығыл