Басты Жаңалықтар Атырауда волонтер әже ауыл тұрғындарына көмектесіп тұрады

Атырауда волонтер әже ауыл тұрғындарына көмектесіп тұрады

Атырауда талайды ісімен сүйсінткен волонтер әже ауыл жастарымен бірігіп жалғыз басты ананың үйлі болуына жәрдемдеспек. Қайырымды жанның аты-жөні Зиба Бақытова. Жасы 71-ге келсе де әлі тың. Темір тұлпардың құлағында ойнайды. Көлік – Зиба әжейдің қанаты іспетті. Темір тұлпарды тізгіндегеніне 40 жылдан асқан. Қимылы ширақ. Техниканың қыр-сырын жетік меңгерген. Тізгінде жаны кіріп, екінші тынысы ашылады. Бар шаруасын көлігімен реттейді. Бүгін де ауыл жастарын көлігіне отырғызып, жалғыз басты анаға көмекке асықты. Айгүл Ташпанованың 2 қызы бар. Жарты ғасыр бұрын салынған ескі үйді паналап келеді. Зиба әжеге айтар алғысы шексіз.

Айгүл Ташпанова, ауыл тұрғыны: 
-Құрбан айтта да көмектесіп жатыр. Ауылдың балалар былайғы күнде де көмектесіп жатыр. 

Зейнеткер үшін – адамның алғысынан артық бақыт жоқ. Жастар оның екінші тынысы. Ал, ауылы-бірлік пен ынтымақтық алтын бесігі.   

Зиба Бақытова, зейнеткер:   
-Бір-біріне қамқорлық жасау керек. Ауыл деген бірлігімен қадірлі. Осының бәрі көз алдымда. Солардың балалары аш болмаса екен, балаларының төбесінен су ақпаса екен, өзімнен артылғанды берсем екен деп тұрамын. 

Ауыл жастары – Зиба әжені бағдарға балайды. Қай істе болсын ақылдасып, бірге қарекет етеді. 

Әнуар Батаев, ауыл тұрғыны: 
-Бізге ақылымен бөлісіп, дұрыс жолға итермелеп келе жатқан әжеміз. Осындай қарттарымыз көп болсын. 

Қайырымдылықты жанына жалау еткен әженің ендігі мақсаты - жастармен бірігіп жалғыз басты ана Айгүлге үй салып беру. Бұл іске ауыл халқы да атсалыспақ. 

Жандос Темірғали



Бөлісу