Қазақстан Халқы Ассамблеясының депутаттары мен этносаралық мәселелер жөніндегі сарапшылар арнайы талқылау өткізді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлағандай, кеше, 30 қыркүйек күні бірқатар сарапшылар «Таулы Қарабақтағы эскалация мен Кирилл Божконың дөрекі сөздерінің Қазақстан Республикасындағы этносаралық жағдайға әсері туралы» тақырыпта талқылау өткізген.
Онлайн форматтағы кездесуге Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелерінің, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ахмет Мурадов пен Наринэ Микаелян, Қазақстанның әзербайжандар қауымдастығының төрағасы Хамедов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылар тобының мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, «Nur Otan» қоғамдық саясат Институтының өкілдері қатысқан.
Дереркөзіне сүйенсек, сарапшылар «Этносаяси дискурс: Таулы Қарабақтағы эскалацияның ҚР этносаралық жағдайына әсері және К.Божконың дөрекі сөздері» туралы сөз сөйлеген.
«Кирилл Божконың қатысуымен «YouTube» арнасындағы резонанстық бейнетүсірілім мәселесін талқылай отырып, сарапшылар мұндай мәлімдемелерге жол бермеу туралы айтты.Бұл фактіні арандатушылық ретінде бағалап, құзырлы органдар тарапынан құқықтық бағалау қажеттігі және бұл жерде қылмыс құрамы анық бар екендігі атап өтілді. Мұндай арандатушылық мәлімдемелер әлеуметтік желілерде одан әрі таралмауы үшін өз ұстанымымызды нақты көрсетіп, жұмысты күшейтуіміз керек деген пікірлер де айтылды», - деп хабарланған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратында.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай қаласының тұрғыны Кирилл Божко есімді азамат youtube желісінде өткен тікелей эфирде қазақ ұлтын маймылға, ал, қазақ тілін маймылдардың тіліне теңеген. Кейін, қоғамдық резонанстан соң, ол тікелей эфир кезінде мас күйінде болғанын айтып, артынан бүкіл қазақ ұлтынан кешірім сұраған болатын.