Қазақстанда үй құстарын сақтандыру бағдарламасы пайда болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда үй құстарын сақтандыру бағдарламасы пайда болуы мүмкін

01.10.2020
Қазақстанда үй құстарын сақтандыру бағдарламасы пайда болуы мүмкін

Сенат депутаттары Қазақстанда өршіп тұрған құс тұмауының таралуына алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Оның салдарынан үй құстарын вакцинациялау және құс иелеріне өтемақы беру үшін мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түседі»,- дейді олар. 

Бүгін осы мәселені көтерген депутат Дүйсенғазы Мусин Үкімет басшысына сауал жолдады. Оның айтуынша, еліміздегі 117 елді мекенде індеттен 576 мың құс қырылған. 

«Қазақстан құс өсірушілері одағының дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында екі құс фабрикасында 768 мың бас, Қостанай облысында бір құс фабрикасында 360 мың бас құс өлген. Яғни, тек үш құс фабрикасында қырылған құстың саны 1 миллион 128 мыңнан асып отыр. Жалпы, статистикалық деректердің жүйесіздігі, кей құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыз болуы біршама сұрақ тудырады. Елімізде құс етінің 45%-і импортталатынын ескерсек, ендігі кезекте, құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсуі және отандық өнімдер бағасының қымбаттауы да әбден мүмкін», - деді депутат.

Осы орайда депутаттар мына мәселелерге баса назар аударуды ұсынды:

- Құс тұмауына байланысты жұмыртқа шығаратын құс фабрикаларын субсидиялау мәселесін қарастыру;  

- Шаруашылықтарда және жеке аулаларда құстарды міндетті түрде вакцинациялауды ұйымдастыру;

- Құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық шаралардың орындалуына жан-жақты тексеріс жүргізу;

- Құстарды қауіпті ауруларға қарсы міндетті вакцинациялау үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу;

- Індет салдарынан қырылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу;

- Жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілеп, субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу;

- Үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеу.


Сенат отырысы Парламент Сенаты құс тұмауы

Хабарламаларға жазылу