2020 жылдың ақпан айында Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрлық жасады деген айыппен бұрын әскери қызметші болған бір адам істі болып отыр. Бас прокуратура әскери мен тағы бірнеше адамға тағылған айып пен олардың неше жылға сотталғандарын айтты. Дереккөзіне сүйенсек, қазір олар қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр.
«Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен ұрлық жасағандары және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандары үшін әскери қызметші У.Атанбаев, сондай-ақ А.Тілеуғалиев, А.Нұраханов, Е.Буралкинов, Р.Бежібай, М.Дүйсенбаев және Б.Ибрагимов 3-тен 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар 21 шілдеде прокурорлар 51 адамға қатысты тергеуді аяқтады. Оларға биыл ақпан айында Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында болған оқиғалар барысында күш қолдану, кісі өлтіру, мүлікті өртеу және қирату, жаппай тәртіпсіздіктерге арандату және билік өкілдерінің талаптарына бағынбау бойынша айып тағылды», деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ биыл наурыз бен тамыз айлары аралығында полицейлерге зорлық-зомбылық көрсеткен ағайынды Воингуйдің (18 наурызда 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды), Құдашбаевтарға қатысты адамдар тобында денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргендері және бұзақылық жасағандары үшін әкелі-балалы Юнхудың (24 сәуірде әрқайсысы сәйкесінше 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды және шектелді), 54 дана «Молотов» коктейлін дайындағаны және тасымалдағаны үшін Р.Вейсердің (12 тамызда 3 жылға бас бостандығынан айырылды) сотталғандарын еске саламыз.