Ақтөбеде көпір іргесіндегі жұрт үйлеріне кіре алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде көпір іргесіндегі жұрт үйлеріне кіре алмай отыр

30.09.2020

Өткел жанындағы өмір! Ақтөбеде жаңа салынған көпір іргесіндегі жұрт «Үйімізге кіре алмай қалдық», дейді. Себебі, көпір тұрғын үйлерге тым тақалып салынған. Тұрғындар жол апаты бола қалса, көліктер үйімізге құлап кетуі мүмкін деп алаңдайды.  

Жақсыбек Кемал, тілші: 

-Жаңа көпір толығымен алдағы екі аптада пайдалануға берілуі тиіс. Алайда жергілікті билік әлеуметтік желі арқылы сүйінші сұрап та үлгерді. Дегенмен, мына іргедегі үйлердің тұрғындары: «Үйге кіре алмай қалдық, әкімдік бізге берген уәдесін орындамай отыр», - деп шағым айтты.

Тұрғындар аулаларына кіруден қалған. Салдарынан кейбірі көліктерін сатуға мәжбүр болыпты. Өйткені көпір мен үйге дейінгі аралық бар болғаны төрт метр. Ортада электр бағандары тұр. Тұрғындар «Кәріз суын соратын көлік те кіре алмай, қиындық көріп отырмыз дейді. Егер өрт бола қалса, тіпті қиын.

Болатбек Сақтағанов, қала тұрғыны: 

-Жол апаты болса, машина бері құлайды үйге кіріп кетуі мүмкін.

Тар қуыста он шақты үй тұр. Көпір салынарда әкімдік тұрғындарға өтемақы беріп, үйлерді басқа жаққа көшіруді қарастырмаған. Құрылыс кезінде кейбір үйлердің қабырғасы сөгілген. 

Гүлжан Иғалиқызы, қала тұрғыны:  

-Ешқандай жағдайымызды жасаған жоқ. Көпір басталғанда үйде жарықшақтар кетті. 

Қала билігі шаһардың қос ауданын жалғайтын шағын ескі өткелді бұзып, орнына  жаңа көпір салуға 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Олар құрылыс барысында тұрғындардың жағдайын барынша ескердік дейді. Яғни, үйлерге дейін асфальт төсеп, көлік кіруіне мүмкіндік жасауы тиіс.

Орынғали Дүзеев, серіктестік директоры: 

-Көліктер жүргенде шулы дыбыс шығады. 

Мердігер мекеме тұрғындарға берген уәдесін алдағы екі аптада орындауы керек. Әкімдік өкілдері кеткен олқылықтарды толығымен жоямыз деп сендіріп отыр.  

Жақсыбек Кемал 

Ақтөбе көпір Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу